Моноқала жылыту маусымына дайындықты аяқтап қалды. ERG құрамындағы «Қазхром»ТҰК» АҚ филиалы – Дөң тау-кен байыту комбинатының энергия цехы әр жаз сайын тексерістерді пысықтап, жоспарлы жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Кәсіпорын қала мен өндірістің жылу жүйесі мен ауыз суына жауапты. Биыл Дөң тау-кен байыту комбинаты қала желілерін жаңарту мен профилактикалық жұмыстарға 112 млн. теңгеден астам инвестиция құйды.
Шахтерлер қаласының жылу мен ауыз суына жауапты нысандардың дайындығы Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің баспасөз турында кеңінен баяндалды.
Комиссия барлық маңызды деген орындарды аралап шықты. Инвестицияның қомақты бөлігі – 52 млн. теңгеден астам қаражат жылумен қамтамасыз етуге бағытталған. Департамент сыртқы желілердегі құбырларды жөндеу сапасын бағалады.
– Қала күн санап өсіп келеді, — деді Дөң тау-кен байыту комбинатына қарасты энергия цехының басшысы Мирхан Бикиев. – Мысалы, бұрын 118 көпқабатты тұрғын үй мен жеке секторлар болса, бүгінде салынып жатқан үйлер көп. Кварталдар аумағы кеңеюде, жаңа аудандар да бар. Сол себепті уақытылы жөндеу жұмыстарын жүргізіп, құбырларды дер кезінде ауыстырып, жөндеп, алдын алу жұмыстарын жүргізу қажет әрі бұған үлкен жауапкершілікпен қарау маңызды. Бұның бәрі қаһары қатты қыс мезгілінде хромтаулықтардың алаңсыз, оларға жайлы да жылы болуы үшін жасалып жатқан әрекет.
Департамент бекіткен инвестициялық бағдарлама аясында осы жылдың көктемінен бастап қалалық желілер бойынша айтарлықтай ауқымды жұмыстар атқарылды. Ағайынды Жұбановтар көшесі бойындағы жылу желілеріне жасалған күрделі жөндеу, бірнеше көше бойындағы сыртқы суағарлардың су тарату желілері мен суару құбырларын ауқымды жөндеу жұмыстары сөзімізге дәлел бола алады. Сонымен қатар сорғыларды ауыстыру жұмыстары да бар. Орталық қазандықтағы жөндеу аяқталып, ендігі жылу беру маусымы басталады. Қала мен кәсіпорынның өндірістік алаңдарын жылумен қамтамасыз етіп отырған да дәл осы қазандық.
Инвестициялық бағдарлама арқылы мамандар шикізат пен материалдар шығынын төмендетуді, сондай-ақ жылу, су және кәріз желілерінің тозу деңгейін азайтуды жоспарлап отыр.