Ақтөбе маңындағы ауылда жаңбырдан кейін мектеп автобусы балшыққа батып қалды. Нәтижесінде елуге жуық бала сабақтан қалды. Шілісай тұрғындары жолға тым болмаса шағыл төселгенде ғана балаларын мектепке жіберетіндерін мәлімдеді. Бұл туралы Zakon.kz-ке сілтеме жасап, «Тілші» хабарлайды.
КТК арнасына берген сұхбатында жергілікті тұрғындар батып қалған автобусты мектеп директорымен бірге итергендерін айтты. Ал келесі күні көптеген оқушы аялдамаға дейін жете алмады. Жаңбырдан кейін Шілісайдың барлық көшесі батпаққа айналды. 300-ге жуық адам тұратын ауылда бірде-бір асфальт жол жоқ.
Тұрғындардың сөзінше, екі жыл бұрын газ бен су құбырын тарту үшін көшелер қазылған. Бірақ жұмыс созылып кетті, себебі құбыр тартылатын кейбір жерлер жекеменшік иелігінде болып шықты.
«Кеше жаңбыр кезінде осы жерге тығылып қалдым. Балалар автобус ішінде отырды. Өзім малмандай су болып, тізеден батпаққа кіріп, әрі-бері жүгірдім. Жергілікті тұрғындар көмектескені жақсы болды. Трактормен батпақтан тартып шығарды», — дейді мектеп автобусының жүргізушісі Сержан Дәулетов.
Бұл мәселені жеті жыл бұрынғы ауқымды жоба шеше алар еді. 2017 жылы Шілісайда 1200 оқушыға арналған үш қабатты мектеп салына бастаған. Сол кезде ауылда мектеп жасындағы 80-ге жуық бала болған. Бірақ әкімдік тұрғындар саны тез өседі деп үміттенген. Алайда барлық жоспар күйреді. Балалар саны 101-ге ғана жетті, ал мектеп құрылысы созылып кетті.
Шенеуніктер мектеп жаңа жылдан кейін ашылады деп уәде береді. Алайда бұл жаңалық Шілісай тұрғындарын қуантпайды, керісінше алаңдатады.
«Мектеп жақында ашылады дейді. Бірақ қараңыз, мұнда әлі қанша жұмыс бар. Оның үстіне, бітті дегеннің өзі құлап жатыр. Міне, кешегі жаңбырдан кейін шатырдан су ақты. Төбеден сылақ түсіп жатыр. Шағын ауылға осындай үлкен мектепті не үшін салу керек болды? Оны енді бұзып, шағын етіп салу керек», — дейді ауыл тұрғыны Динара Бақытжанова.
Әкімдік қызметкерлері ауыл тұрғындарынан сабыр сақтауды өтінеді.
«Қазір ауылда су құбыры тартылуда. Осы жұмыстар аяқталысымен, орталық көшеге асфальт төсейміз. Әзірге мектеп автобусы жүретін бағытты есептедік. Осы 400 метрлік жолға балалар сабаққа кедергісіз жете алуы үшін шағыл төсейміз», — дейді Ақтөбе қаласы Алматы ауданының әкімі Асланбек Шуиншалиев.
Алайда тұрғындар бұл уәделерге сенбейді және жол жөнделмейінше балаларын үйде қалдыратындарын айтып отыр.