Әлем Саясат

Солтүстік Корея министрі Ресей әскері «жеңіске жеткенге дейін» Мәскеуді қолдайтынын айтты

Фото: TASS

Солтүстік Корея Ресей соғыста «жеңіске жеткенге дейін» оны қолдайды. Солтүстік Кореяның сыртқы істер министрі Цой Сон Хи Мәскеуде ресейлік әріптесі Сергей Лавровпен кездесу кезінде осылай деп мәлімдеді. Оның сөзінше, Украинада соғыс басталғалы бері Солтүстік Кореяның жетекшісі Ким Чен Ын оған «Ресей әскері мен халқын қолдау» туралы тапсырма берген. Бұл туралы «Тілші» хабарлайды Азаттық сайтына сілтеме жасап.

Цой Сон Хи Ресейге қанша әскер немесе оқ-дәрі, қару жібергенін нақтыламады.

Дегенмен Батыс дереккөздерінің сөзінше, Солтүстік Кореядан Ресейге Украинадағы соғысқа қатысу үшін әскери бөлімдер жіберілген. АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен жуырда өз дереккөздеріне сүйене отырып, шамамен 8 мың солтүстіккореялық сарбаз Курск облысында екенін мәлімдеген. Оның сөзінше, жалпы Ресейге кемінде 10 мың солтүстіккореялық сарбаз жіберілген.

Немістің Фридрих Науман қорының есебінше, Украинада соғыс басталғалы бері Солтүстік Корея Ресейге құны шамамен 5,5 млрд доллар болатын қару жіберген болуы мүмкін. Солтүстік Кореяның өзі қанша қару бергенін айтпайды.

Солтүстік Корея – Украинадағы соғыста Мәскеуді ашық қолдаған әлемдегі бірнеше елдің бірі. Пхеньян Ресей аннексиялап алған Украина аумақтарын «Ресей жері» ретінде мойындаған. Көп дереккөзге қарағанда, ол Ресей әскерін оқ-дәрімен де қамтамасыз еткен.
24 қазанда мемлекеттік думасы Ресейдің Солтүстік Кореямен әріптестігі туралы келісімді мақұлдады. Құжат ғылым мен технология, оның ішінде ғарыш пен ядролық энергетика, экономика мен инвестиция саласында әріптестікті кеңейтуді қарастырады. Келісімге сәйкес, тараптар бір-біріне әскери көмек береді, сонымен бірге санкцияны айналып өтуге көмектеспек.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  HRW: Қытай Шыңжаң халқына қысымды жалғастырып жатыр

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *