Желтоқсан айынан бастап елордадан Алматы мен Шымкентке қосымша Тальго пойыздары қатынайды. Жаңа №101/102 «Астана-Алматы» және №111/112 «Астана-Шымкент» бағыттары «пакеттік» қозғалыс кестесі аясында ұйымдастырылды. Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі хабарлайды.
Билеттерді жөнелту күніне 45 күн қалғанда bilet.railways.kz сайтынан немесе вокзал кассаларынан сатып алуға болады.
Өткен жылы осындай «пакеттік» кесте бойынша Астана-Шу-Астана бағытында төрт пойыз іске қосылған. Бұл әдіс рейстердің тиімділігін арттырып, жолаушыларға қызмет көрсетуді жақсартты.
«Пакеттік» қозғалыс кестесі «DB E&C» компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан «Интермодальды тасымалдар – ХАБ жүйесі» жобасы аясында енгізіліп жатыр.
«Біз «Жолаушылар тасымалы» АҚ-мен бірге маршруттық желіні жетілдіруге арналған жаңа шешімдер әзірлеп жатырмыз. Бұл қызмет сапасын жақсартып, қалааралық қатынастың жылдамдығын арттырады», – дейді «DB E&C» компаниясының интермодальды тасымалдар жөніндегі бас директоры Николайс Сидоровс.
Сондай-ақ, жолаушыларға ыңғайлы болу үшін ХАБ орталықтарында қала маңы және аралас көлік түрлерімен байланысты жаңа теміржол бағыттарын ашу жоспарда бар.