Ақтөбеде отбасын құруды жоспарлаған жігіт қалыңдығының банк шотындағы 500 мың теңгені рұқсатсыз алып, ойынға тігіп, ұтылып қалды, деп хабарлайды «Тілші» Диапазонға сілтеме жасап.
34 жастағы жұмыссыз ақтөбелік интернет арқылы қызбен танысады. Қазан айында алғаш рет қыздың үйінде қонып қалған жігіт түнде қалыңдығының телефонынан банк шотындағы ақшаны көріп, оны өз шотына аударып алып, ойынға тігеді. Бірақ құмар ойыншының жолы болмады.
«Ұтып алып, ақшаны қайтарамын деп ойладым», – деп түсіндірді сотталушы.
Жәбірленуші қыз сотта олардың арасында сенімді қарым-қатынас болғанын, жақын арада үйленуді жоспарлағандарын айтты. Айыпталушы үкім шыққанға дейін шығынды өтегендіктен, қыз оған арыз-талап қоймаған.
Сот құмар ойыншыны 2 жылға бас бостандығын шектеп, осы мерзім ішінде көңіл көтеру орындарына баруға тыйым салды.