«Шағын және кең құрамдағы келіссөз барысында бұған көп көңіл бөлдік» деді Ресей президенті Владимир Путин Астанаға мемлекеттік сапары мен ҰҚШҰ саммиті қорытындысы бойынша журналистер сұрағына жауап бергенде. Бұл туралы Азаттық хабарлайды.
«Қазақстанда үшінші елдердің технология шешімдерін қолдануға, олардың мамандарын бірлесіп жұмыс істеуге шақыруға қажеттілік пен ықылас болса, «Росатомның» шетелдік әріптестермен тәжірибесі бар. Мұны да кеше талқыладық» деді ол.
Путиннің сөзінше, Ресей Қазақстанмен осы бағытта әріптестік орнатуы әбден мүмкін. Ресей президенті «Росатомды» мақтап, қазір ол көптеген елде АЭС салып жатыр деді.
«Біз электр станцияларын ғана салып жатқан жоқпыз. Осы қызмет түрін енді бастап жатқан елде сала құрамыз. Кадрлар дайындаймыз, қажет материалдар жеткіземіз, пайдаланылған отынды аламыз, атом саласындағы ғылымның дамуына ықпал етеміз» деді Путин.
Қазақстанда биыл 6 қазан күні өткен референдумда дауыс бергендердің 71 пайызы елде АЭС салуды қолдаған. Астана АЭС салуға Ресей, Қытай, Франция мен Оңтүстік Кореяның компанияларын қарастырып жатқанын мәлімдеген. Тоқаев референдум өткен күні АЭС-ті халықаралық консорциум салуы керек деп айтқан.