Бейсенбі, 16 қаңтар күні кешкілік Ақтөбенің тергеу соты Әлібек Хасановты (аты-жөні өзгертілген-Ред.) екі айға қамауға санкция берді. Полиция “үш адамды кепілге алып, оның екеуін өлтірді” деп күдіктеніп отырған Хасанов 38 жаста. Бірақ Ақтөбе облыстық соты күдіктінің аты-жөні, жасы мен оған тағылған айып туралы ақпарат таратпады.
Осыған дейін Ақтөбе полициясы Хасановқа “адам өлтіру” , “адамдарды кепілге алу” секілді ауыр баптармен күдік келтірілгенін хабарлаған болатын.
Кей деректерде Атырау облысының тумасы деп айтылатын Әлібек Хасанов жұмыссыз. Ақтөбе облысының медициналық мекемелерінде тіркелмеген. Яғни, жергілікті наркологтар мен психиатрлардың есебіне алынбаған.
Полицияның мәліметінше, 13 қаңтар күні кешкі сегіздер шамасында Әлібек Хасанов Ақтөбедегі жеке үйлердің біріне барып, өзінің танысы 40 жастағы әйел мен оның әке-шешесін кепілге алған. Сол күні күштік құрылымдар Хасановпен үш сағаттық келіссөз жүргізген. Бірақ ол нәтижесіз болып, шабуыл жасау туралы шешім қабылданады.
Шабуыл кезінде 40 жастағы әйел құтқарылып, күдікті ұсталған. Оқиға орнын тексеру кезінде полиция жеке үйдің жертөлесінен өлім халіндегі екі зейнеткерді алып шыққан. Бірақ жағдайларының ауырлығынан ерлі-зайыптылардың бірі ауруханаға барар жолда, екіншісі реанимацияда қайтыс боп кеткен.