Медиа

Солтүстіктің жаңа дауысы: North-толқынында жобасы жайлы

Медиа саласында жаңа идеяларды жүзеге асырып, қоғам үшін маңызды мәселелерді көтеріп жүрген жобалар көбейіп келеді. Солардың бірі – North-толқынында жобасы. Бұл ерекше жоба елдің солтүстік өңіріндегі оқиғаларды жаңа қырынан көрсетіп, жастарды зерттеу мен медиаға тартуға бағытталған.

Жобаның қалай басталғаны, оның идеясы және болашақ жоспарлары туралы толығырақ білгіміз келіп, жобаның жетекшісімен сұхбат құрдық.

– Жоба не туралы және оның негізгі идеясы қандай?

– North-толқынында – North-шеңберінде зерттеу медиа жобасының жалғасы. Бұл жоба елдің солтүстік өңіріндегі маңызды оқиғаларды солтүстіктің көзқарасы арқылы көрсетуге арналған. Негізгі идея да осыған негізделген. Әрбір жүргізілген түйіткілді зерттеу арқылы жоба жетілдіріліп отырады.
Идея алғаш рет IdeaCamp2023 төрт күндік лагерінде пайда болды, оны Қазақстандағы Internews ұйымы ұйымдастырды. Лагерь барысында ақпарат пен дезинформацияның ықпалы, бейне түсіру мен монтаж жасаудың қыр-сыры үйретілді. Лагерь соңында қатысушылар өз медиа жобаларын ұсынып, шағын грант алуға мүмкіндік алды.
Менің идеям бастапқыда “Пропаганда мен дезинформацияның жастарға әсері” тақырыбына арналды. Бұл өзекті әрі қызықты тақырып болды. “Менің өңірімдегі жастардың таңдауына пропаганда қаншалықты әсер етеді?” деген сұрақтарға жауап іздедім. Осы зерттеу идеясы лагерьдің жеңімпаздарының бірі ретінде танылып, жобаға шамамен 1,3 миллион теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетілді. Менторлар тарапынан көмек алып, кәсіби деңгейде медиа контент жасауға мүмкіндік алдық. Біздің зерттеулеріміздің нәтижесі жобаның болашақтағы бағытын айқындауға ықпал етті.

– Қазір ақпараттық кеңістік кеңейіп әртүрлі медиа-жобалардың қатары артып келе жатыр. Сіздер жасап отырған жобаның ерекшелігі неде?

– Бұл – мемлекеттік тілде солтүстіктің жүрегінде жүзеге асырылып жатқан тәуелсіз медиа жоба. Оны тұрақты редакторы, кеңсесі және заманауи журналистиканың басқа да артықшылықтары жоқ қарапайым жастар жүзеге асырып отыр. Біздің басты мақсатымыз – солтүстіктегі оқиғаларға жаңа қырынан қарап, мемлекеттік БАҚ-та көрсетілмейтін мәселелерді жарыққа шығару.

Тағы бір ерекшелігіміз – команда мүшелерінің әртүрлі қалалардан жиналғаны. Біз жұмыстың барлығын қашықтан атқардық. Қазіргі таңда команда құрамында кәсіби журналист те бар, бірақ ол да басқа қалада тұрады. Бұл бізге кедергі емес.
Айта кетерлік жайт, біздің негізгі аудиториямыз – Шымкент, Алматы және Астана қалаларында тұратын азаматтар. Олардың 70%-ы – әйелдер. Бұл біздің зерттеу тақырыптарымыздың кең аудиторияға қызық екенін көрсетеді.

 

View this post on Instagram

 

A post shared by North-şeñberinde (@n_senberinde)

– Әрбір бастаманың аяқ алысы қаражат мәселесіне тірелетіні түсінікті. North-толқынында жобасын іске асыру үшін жұмсалған қаражат мөлшері қандай? Және жеткен нәтижелерді көтеру үшін алда қанша ақша керек және қандай мақсатта керек?

– Алғашқы грант көлемі – 1,3 миллион теңге. Бұл қаражат зерттеу жүргізуге, таргет жарнамаларға және жазылымдарға жұмсалды. Зерттеу әдістеріне байланысты жобаның нақты құнын анықтау қиын, бірақ болашақтағы жоспарларымызға шамамен 2,6 миллион теңге қажет болуы мүмкін. Бұл қаражат сауалнамалар, фокус-топтар ұйымдастыруға, сонымен қатар зерттеу нәтижелерін медиа контентке айналдыруға жұмсалатын болады.

– Жобаның өміршеңдігін қалай бағалайсыз?
Көптеген тренингтерде жобаның өміршеңдігі ұйымның қаржылық тұрақтылығына байланысты деп айтылады. Бірақ менің ойымша, ең басты фактор – идея! Идея сізге қаншалықты ұнаса, оның іске асырылуында соншалықты өнімді боласыз. Бізде қаржылық ресурстар жетіспеген кездер болды, бірақ идея іздеуді, талқылауды және контент жасауды тоқтатпадық. Бұл – біздің хоббиімізге айналды.
Біздің идеяларымыз басқа адамдарды да шабыттандырды. Олар қолдау көрсетуге дайын болды, себебі идея оларға да қызық әрі маңызды болып көрінді. Сондықтан жобаның өміршеңдігі – оны жүзеге асыратын адамдардың идеяға сеніміне және құлшынысына тікелей байланысты деп ойлаймын.

– Уақыт бөліп сұхбат бергеніңізге рақмет. Жобаның дамуына тілектеспіз!

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Данияр Сағидолла, Tilshi Podcast жобасының контент-менеджері: «Бізге спикердің танымалдылығынан гөрі айтары маңызды»

Арнайы Tilshi Media үшін
Азамат Махамбет

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *