Өткен сенбіде Қазхромның Ақтөбе және Хромтау филиалдарында қызметкрелерге арналған дәстүрлі ERG қысқы денсаулық фестивалі өтті. Саламатты өмір салтын насихаттауға арналған бұл шара осымен бесінші рет жалғасып отыр. Бұл күндері Ақтөбеде аяз күшейіп, боран соқса да еуразиялықтар ауа райына қарамастан, отбасы мүшелерімен алаңға жиналды. Мыңнан аса адам қатысқан фестивальдің биылғы ұраны – «Saq жүрсең, Sau жүресің!».
Ақтөбедегі қысқы фестиваль орны – қызметкерлерге арналған демалыс базасы деп белгіленсе, Хромтаудағы спорттық шара «Горняк» стадионында өтіп жатты. Ақтөбе ферроқорытпа зауытының жұмысшыларын демалыс базасында Достық үйінің орыс халық диаспорасы сырнаймен қарсы алды. Ол жақта балалар алаңы құрылып, киіз үй тігіліп, думанды ортаға спорттық шаралар реңк бере түскендей.
Спорт фестивалі алдымен ERG-дің бес құндылығын – қауіпсіздік, жауапкершілік, бірлік, даму және тиімділікті қамтыған ширату сәтінен басталды. Одан соң бұрын-соңды болмаған аниматорлар кішкентай қатысушылармен бірге бір шетте құстарға ұя жасаса, енді бір шетте балалармен бірге көңілді би билеп ойын-сауық бағдарламаларын ұсынды. Шаңғы, коньки тебу, қысқы футбол, тюбингпен сырғанау сынды бірнеше ойын түрлерін қамтыған спорттық жарыста ең үздік атанған отбасылар да бар. Мысалы, Дөң тау-кен байыту комбинатының Ибрагимовтер, Мальцев, Исмагуловтар, Подпорина, Ідірісовтер, Герасименко, Жүргентав, Дикусарэ, Белозерова, Кушербаевтар, Ермановтар әулеті қатысып, нағыз бірлігі жарасқан команда үлгілерін көрсетті.
– Бұл тамаша мереке көптеген жылдар бойы еуразиялықтарды біріктіріп келе жатқан жақсы дәстүрге айналды, – деді «Қазхром» компаниясының персонал және мәдениет жөніндегі директоры Нұргүл Нұрғалиева. – Бүгінгі фестиваль ерекше – ол қауіпсіздікке арналған, бұл біздің компания үшін негізгі құндылық. Қызметкерлеріміздің отбасыларымен, жұбайларымен және балаларымен жиналғаны қуантты. Бұл Қазхромның үлкен отбасы екенін көрсетеді. Мұнда біз ортақ құндылықтарды бөлісіп, бірлесіп ортақ мақсаттарға қарай қадам басамыз. Осы бірлікте біздің күшіміз жатыр. Бұл алғашқы шара жаңа, қызықты мерекелеріміздің жарқын бастамасы болсын.
– Осы фестиваль басталғалы бізде қалыспай, жыл сайын қатысып келе жатырмыз. Егіз қыздарым қазір бойжетіп қалды. Жыл өткен сайын ұйымдастыру деңгейі жоғарылап келеді. Бағдарламалар бір-біріне ұқсамайды. Дөң тау-кен байыту комбинатына ризамын. Өзім де комбинатта жұмыс істеймін. Сондықтан корпоративтік шараларды өткізіп алмауға тырысамын, — деді қатысушы, комбинат қызметкері Анна Белозерова.
Фестиваль соңында белсенді қатысушылар басшылықтың алғыс хатымен марапатталып, балаларға тәтті толы қораптар, бағалы сыйлықтар мен Қазхромның 30 жылдығына арналған тоқаштар және жылы мойынорағыш табысталды. Шара басында құстарға арналған ұяларды балалар ата-аналарымен бірге ағаштарға іліп, естелік суретке түсіп, мәз-мейрам күйде тарқасты.
ERG-дің қысқы денсаулық фетивалі Топтың өзге де дивизиондарында және «Қазхром» компаниясының филиалы – Ақсу ферроқорытпа зауытында жоғары деңгейде өтті.
Арайлым Ғани,
арнайы Tilshi News үшін