Сәуірдің басында Хромтау қаласындағы Дөң тау-кен байыту комбинатының жұмысшы тобы КТК телеарнасындағы телевизиялық байқауда бірінші орынға ие болды.
Шахтерлерден және тау-кен инженері мен экологтан құралған команда кәсіпорынның аңызға айналған ең бірінші шахтасының атын арқалап, Алматының баурайында «Молодежная» командасы деп танылды. Олар аталған бағдарламаның кубогін жеңіп алды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жыл – «Жұмысшы мамандықтар жылы» жолдауы аясында жұмысшы мамандықтар мен түрлі сала өкілдерінен таланттарды таныту мақсатында қолға алынған «Кел, шырқайық!» бағдарламасында шахтер мамандығының мерейін үстем ете түсті.
Бағдарламаның шарты бойынша қатысушылар алдымен ән шырқап, кейін өздерін және мамандықтарын көпшілікке баяндап беру қажет. Хромтаулық команда жерлес ақын Қайнар Алагөзовтің сөзіне жазылған, Шымберген Сүлейменовтің «Ауылым» әнін шырқап, қазылар алқасының 29 ұпайына ие болып, кейін сахнада шахтер ісіне, өндіріске қалай келгендерін әңгімелеп, көрерменнің 15 ұпайын жинап, Алматы және Павлодар облысынан келген командаларды басып озды.
Еңбек пен шабытты ұштастырып, Алматы төрінде өнер көрсеткен әріптестеріміз Дөң тау-кен байыту комбинатында хром кенін өндіру ісін атқарып жүрген азаматтар.
Команда капитаны Шоқан Әлімхан, Қазақстан Тәуелсіздігінің он жылдығы атындағы шахтасының тау-кен шебері, Осы шахтада 20 жылдан аса ұңғылаушы болып келе жатқан Нұрлан Қазбаев, “Болашақ” шахтасының ұңғылаушысы, домбырамен ән шырқап жүрген Ғайса Рамбаев, “Молодежная” шахтасының тау-кен жұмысшысы Асылхан Базарғали кеншілік қызметтің тірлігін әдемі баяндады. Сондай-ақ шахтерлерге хром өндіру үшін жердің жағдайын жоспарлап беретін Гүлзат Джанадилова мен өндірістің экологиясына жауап беретін Ақбота Алманова да сахнада өздерін еркін ұстап, өз мамандықтарын түсіндіре кетті.
Мыңдаған шахтердің ішінен іріктелген қатысушылардың барлығы бұл сапарға барып келгендеріне дән риза.
– Шахталар мен карьерлердегі жоспарлау жұмыстарымды орындап, шаршаңқы күйде шығып келе жатқанымда маған хабарласып, басшылық менің кандидатурамды қарағандарын айтты. Соның өзіне риза болдым. Бірақ продюсердің іріктеуінен өтуім керек екен. Жолым болып, қатарға қосылдым, — деп әсерімен бөлісті қатысушы Гүлзат Джанадилова. – Қатты қуандым. Себебі мұндай жауапты іске кез келгенді таңдай бермесі анық. Өзім комбинаттың мәдени өміріне араласып, корпоративтік шараларда жүргізуші болып, ән айтатынмын. Басшылық өнерімді бағаласа керек. Біздерге осындай мүмкіндік берген кәсіпорныма алғыс білдіргім келеді.
Алда ақтық мәре. Егер «Молодежная» командасы «Кел, шырқайық!» бағдарламасының инстапарақшасында ең көп дауыс, ең көп комментарий жинаса, қысқы финалда маусым бойы қатысқан 74 команданың ішінен үздік атану мүмкінді бар.
Арайлым Ғани