Ішкі істер министрі Ержан Сәденов қоғам назарын аударған істер бойынша сотталған азаматтардың қазіргі жағдайына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Orda.kz.
Журналистер министрге Кәрім Мәсімов, Думан Мұхамедкәрім, Данияр Әділбеков, Марат Жыланбаев және өзге де сотталған азаматтардың денсаулығы туралы нақты сұрақтар қойды. Сәденов бұл сауалдарға қысқа жауап берді.
Оның сөзінше бәрі қамауда, жағдайлары қалыпты, жазаларын бекітілген тәртіппен өтеп жатыр.
Журналистер ҰҚК-нің бұрынғы басшысына қатысты нақты сұрақ қойып, оның түрмеде отырғанын және денсаулығының жай-күйін анықтауға тырысты.
«Ол — сот шешімімен қамауға алынған. Жағдайы қалыпты. Ешбір медициналық есепте тұрған жоқ. Оның өкілдері айтқан барлық уәждер тексеріліп жатыр. Ресми түрде мәлімдейін, жағдайы бір қалыпты», — деді Сәденов.
Еске салайық, 2023 жылы Кәрім Мәсімов 18 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Оған қаңтар оқиғаларына байланысты билікті күшпен басып алуға әрекеттенді, мемлекетке опасыздық жасады және пара алды деген айып тағылды.