Премьер-министр Олжас Бектенов халықаралық автокөлік өткізу бекеттерін жаңарту мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды «Тілші» Tengrinews.kz-ке сілтеп.
Кеңесте көлік министрі Нұрлан Сауранбаев, қаржы министрінің міндетін атқарушы Ержан Біржанов және ҰҚК төраға орынбасары – Шекара қызметінің директоры Ерлан Алдажұманов баяндама жасады.
Осыдан кейін Үкімет басшысы тиісті министрліктердің кеден қызметін ұйымдастырудағы кемшіліктерін және Ресей мен Қырғызстанмен шекарадағы өткізу бекеттерін жөндеу жұмыстарының созбалаңға салынғанын қатаң сынға алды.
– Кеден қызметінің жұмысын дұрыс ұйымдастырмағаны үшін Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік кірістер комитетінің және Көлік министрлігіне қарасты Автомобиль жолдары комитетінің төрағаларын жауапқа тарту қажет, – деді Бектенов.
Сонымен қатар министрліктердің жауапты басшыларына аймақтарға барып, жұмыстарды жергілікті жерде үйлестіру міндеттелді.
Премьер-министр кеден бекеттерінде жұмыс істейтін мамандарға қойылатын талапты күшейтуді, өткізу пункттерін заманауи жабдықпен қамтамасыз етуді және интернетке қолжетімділікті жақсартуды тапсырды.
Қаржы министрлігінің дерегінше, ЕАЭО-ның сыртқы шекараларында (Қытай, Өзбекстан, Түрікменстан бағытында) биыл 9 өткізу бекетін жаңарту жоспарланған. Оның төртеуі – «Капланбек», «Атамекен», «Көлжат» және «Алакөл» – пайдалануға берілді. Қалған бесеуін 2025 жылдың соңына дейін аяқтау көзделген. Бұдан бөлек, жоспардан тыс «Жібек жолы» жолаушылар өткізу пункті 2026 жылы жаңартылмақ.
Көлік және қаржы министрлеріне қайта құру жұмыстарының барысы туралы Премьер-министрге апта сайын есеп беріп отыру тапсырылды.