Енді оқушыны бір мектептен екіншісіне ауыстыру қызметі eGov.kz порталында қолжетімді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Баланы тұрғылықты жері бойынша немесе өзге өңірдегі кез келген білім беру ұйымына ауыстыруға болады.
Министрліктің мәліметінше, енді бұған дейін талап етілетін оқушыны тіркеуден шығару немесе тіркеуге қою талондары мен жеке істі өткізу қажет емес. Таңдалған мектептің оқу тілі автоматты түрде көрсетіледі. Қажет болған жағдайда ата-ана өтінішін қайтарып ала алады.
Қызметті қалай пайдалануға болады?
- eGov.kz порталына кіріп, авторизациядан өтіңіз;
- «Білім беру» бөліміне кіріп, «Орта білім беру» ішінен «Балаларды бір мектептен екінші мектепке ауыстыру үшін құжаттарды қабылдау» қызметін таңдаңыз;
- қажетті деректерді толтырып, өтінішті ЭЦҚ арқылы қол қойыңыз;
- қызмет нәтижесін жеке кабинеттен көруге болады.