Соңғы айларда Бегімбет пен Бозой ауылдарының арасындағы жол құрылысына қатысты тұрғындардың шағымы күшейіп отыр.
Бозой ауылының тұрғыны, жүргізуші Ақболат Қаршығаұлы Жанұзақовтың айтуынша, Бегімбеттен Бозойға қарай салынып жатқан 20 шақырымдық жол құрылысы жоспарға сай жүрмей тұр.
– Жолдың мерзімі алдағы айда аяқталуы керек. Бірақ қазір жұмыс қарқыны өте баяу. Жиналған материал аз, асфальт зауыты мүлдем жоқ. Жол жабындысының 7%-ы ғана төселген. Қалған бөлігі бос жатыр. Жұмысшылар да, техника да көрінбейді, тек бір экскаватор ғана жүр, – дейді ауыл тұрғыны.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, Бозойдан Бегімбетке қарай салынып жатқан 15 шақырымдық жолдың да сапасына күмән көп. Жолдың паспорты ілінбеген. Қоғамдық бақылау комиссиясына құрылыс жайлы толық ақпарат берілмей отыр.
Белсенділер өз бетімен тексеру жүргізіп, төгілген қиыршық тастың қалыңдығын өлшеген. Алайда көрсеткіштер талапқа сай еместігін айтады.
– Жол қатынасы күннен күнге қиындап бара жатыр! Бүгінгі күні бірде-бір экскаватор жоқ, жұмыс толық тоқтап тұр, – дейді жергілікті тұрғындар.
Тұрғындар мердігер компаниядан ашықтықты талап етіп, жол сапасын күшейтуге шақырып отыр.
TilshiNews.kz редакциясы бұл материалды жариялай отырып, құзырлы органдардың назарын аударуға шақырады. Біз жол құрылысына жауапты мердігерлердің, жергілікті әкімдік пен бақылаушы мекемелердің де ұстанымын тыңдауға әзірміз. Олардың ресми пікірін сайтта жариялауға дайынбыз.
Бекет Құдайберген, Шалқар ауданы