Азаматтық қоғам

Марат Жыланбаeвтың жағдайы нашарлады, адвокаттары Жоғарғы сотқа жүгінбек

Фото: vlast.kz

Адвокат Денис Малюга қазақстандық супермарафоншы, қазір түрмеде жазасын өтеп жатқан Марат Жыланбаeвтың денсаулығына қатысты алаңдатарлық деректерді жариялады. Оның айтуынша, спортшыға дәрігерлік көмек көрсетіліп жатыр және жақын күндері іс бойынша Жоғарғы сотқа кассациялық шағым беріледі, деп хабарлайды ҚазТАГ.

Денсаулығына байланысты мәліметтер

– Марат бүйрегіне УЗИ жасатып, ЭКГ тексеруден өтті. Нәтижесінде бүйрегі төмен түсіп кеткені және тұз көп жиналғаны анықталды. Қазір ол дәрі қабылдап, дәрі тамызғыш арқылы ем қабылдап жатыр, – деді адвокат Малюга видеоүндеуінде.

Ол сондай-ақ колония басшылығымен кездесіп, Жыланбаeв бұған дейін шағымдарында көтерген мәселелерді талқылағанын жеткізді. Бұған колониядағы дүкен жұмысы, «Скайп» арқылы байланыс, өтініштерді тіркеу терминалдары сияқты сұрақтар кірген.

Жоғарғы сотқа шағым

Адвокаттың сөзінше, қорғаушылар да, Жыланбаeвтың өзі де Жоғарғы сотқа кассациялық шағым түсіреді.

– Менің ойымша, БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі комитеті Жыланбаeв ісінде анықтаған заң бұзушылықтар сот үкімінде мүлде ескерілмеген. Олар есепке алынуы тиіс еді, – деді Малюга.

Халықаралық үн

Бұған дейін БҰҰ-ның Еріксіз қамаулар жөніндегі жұмыс тобы Жыланбаeвтың бостандығынан айырылуын «заңсыз» деп таныған. Ұйымның шешімінде оның қамауға алынуы Адам құқықтарының жалпыға ортақ декларациясының жеті бабын және Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің алты бабын бұзатыны көрсетілген. БҰҰ Қазақстан билігін Жыланбаeвты босатып, оған өтемақы төлеп, құқықтарын толық қалпына келтіруге шақырды.

Марат Жыланбаeв кім?

Марат Жыланбаeв – әлемге әйгілі қазақстандық марафоншы. Ол жеті рет Гиннес рекордтар кітабына енген. Жыланбаeв Жер шарындағы ең ірі шөлдерді – Азия, Африка, Аустралия және Америка құрлықтарында жүгіріп өткен жалғыз адам саналады.

Саяси тұрғыда белсенді болған спортшы митингілерге қатысып, оппозициялық партия құруға талпынып, Мәжіліс депутаттығына үміткер болғысы келген.

Алайда 2023 жылдың қарашасында Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған соты оны жеті жылға бас бостандығынан айырып, үш жылға қоғамдық-саяси қызметпен айналысуына тыйым салды. Жыланбаeвқа «сотпен тыйым салынған ұйымды қаржыландырды» және «оның жұмысына қатысты» деген айып тағылды. Өзі бұл айыптауларды саяси астарлы деп мәлімдеген.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Азаматтық журналистика форматында медиажоба қалай іске қосылады?

Жыланбаeв Степногорск қаласындағы №4 түзету мекемесінде жазасын өтеп жатыр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *