16 қыркүйектен бастап елімізде азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтетін жаңа өзгерістер күшіне енеді, деп хабарлайды «Тілші» Polisia.kz-ке сілтеп.
Заңнамадағы маңызды жаңашылдықтардың бірі – Қылмыстық кодекске «Некеге мәжбүрлеу» атты жаңа 125-1-баптың енгізілуі. Енді бұл әрекет қылмыстық құқықбұзушылық болып саналып, әртүрлі жаза түрлері қолданылады.
Қылмыстың ауырлығына қарай жаза 2000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі айыппұлдан бастап екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға дейін жетуі мүмкін. Егер мәжбүрлеу салдарынан ауыр зардаптар туындаса, жаза бес жылдан он жылға дейін ұлғаяды.
Ауырлататын жағдайлар
Егер некеге мәжбүрлеу:
- зорлық-зомбылықпен,
- кәмелетке толмағандарға қатысты,
- тәуелді жағдайды пайдалану арқылы,
- адамдар тобы немесе қызмет бабын пайдалана отырып жасалса, жаза бұдан да қатаң болады.
Адам ұрлауға қатысты өзгеріс
Сонымен қатар Қылмыстық кодекстің 125-бабындағы бұрынғы жеңілдік алынып тасталды. Бұған дейін ұрланған адамды өз еркімен босатқан кінәлі қылмыстық жауапкершіліктен құтылуы мүмкін еді. Енді мұндай мүмкіндік жоқ: жәбірленушіні босатқан күннің өзінде заң алдында жауап береді.