Үкімет отырысында ішкі істер вице-министрі Игорь Лепеха елдегі жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шараларды баяндады. Оның айтуынша, жыл сайын полиция 13 миллионнан астам жол ережесін бұзу дерегін тіркейді, ал апаттардың 90 пайызы жүргізушілердің кінәсінен болады. Биылдың өзінде қарсы жолаққа шығу фактілері 16 пайызға өскен, ал 16,6 мың мас жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды «Тілші» Премьер-министрдің баспасөз қызметіне сілтеп.
Жолдардағы тәртіпті күшейту үшін заманауи технологиялар қолданыла бастады. Мәселен, дрондардың көмегімен үш жарым мыңнан астам құқықбұзушылық әшкереленген. Республика бойынша 25 мыңнан астам бейнекамера орнатылып, патрульдік көліктер радарлармен жабдықталып жатыр. Орташа жылдамдықты автоматты бақылау енгізілген 1,9 мың шақырым жолда қаза тапқандар саны 11 пайызға азайған. Барлық цифрлық шешімдер «ТОР» атты бірыңғай платформаға біріктіріліп, ол көліктердің қозғалысын бақылауға, іздеудегі машиналарды табуға және агрессивті не шаршаған жүргізушілерді анықтауға мүмкіндік беріп отыр.

Сонымен қатар, министрлік мектептердің маңындағы жол қауіпсіздігіне ерекше назар аударады. Соңғы уақытта ондаған реттелетін жаяу жүргінші өткелі, мыңнан астам жасанды кедергі, мыңдаған жол белгілері мен ақпараттық паннолар орнатылды. Дегенмен, ел бойынша қосымша бағдаршамдар мен жасанды кедергілерге әлі де қажеттілік бар.
Вице-министр өз баяндамасында автопарктің жағдайына да тоқталды. Қазіргі кезде көліктердің жартысынан астамы жиырма жылдан ескі, бұл апаттылыққа ықпал етеді. Техникалық байқаудың сапасын арттыру үшін бақылауды күшейту ұсынылды. Сондай-ақ, интернет-таксистердің қауіпсіздігі алаңдатып отыр: жүргізушілер кейде демалыссыз жұмыс істеп, жолаушылардың өміріне қатер төндіреді. 2025 жылдан бастап агрегатор-компанияларға заң жүзінде жауапкершілік жүктелмек.
Ал мопедтерден кейінгі жаңа мәселе – электросамокаттар. Биыл олардың қатысуымен 29 мыңнан астам құқықбұзушылық тіркелген. Осыған байланысты тротуарда жүруге тыйым салу, кикшеринг компанияларына міндеттер енгізу және пайдалану ережелерін әкімдіктер бекітуі керек деп ұсынылды.