Ақтауда үш жылдан бері құлағы естімейтін және сөйлеу қабілеті шектеулі жастар еңбек ететін ерекше кофехана жұмыс істеп тұр. Жобаның бастамашысы – «Риза Ана» қоғамдық қоры, деп хабарлайды «Іскер Тілші».
Қор жетекшісі Бибігүл Рамазанның сөзінше, бұл идея Астанада әлеуметтік кәсіпкер Эмин Аскеровтың жобасын көргеннен кейін пайда болды.
«Эмин Аскеров құлағы естімейтін жандарды кофеханада пицца пісіруге, сусын дайындауға үйретіп жүргенін көргенде қатты әсер алдым. Сол сәтте Ақтауда да осындай мүмкіндігі шектеулі жастарды жұмыспен қамтитын орын ашсам деген ой келді», – дейді ол.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Сол ой 2023 жылы жүзеге асты. Қазір кофехананың табалдырығын аттаған әрбір қонақты 15 жас маман күтіп алады.
«Алғашында 14 адам жұмыс істесе, бүгінде 15 адам тұрақты еңбек етіп жүр. Біз әкімдікке ғимарат сұрап бардық. Олар бізге 285 шаршы метрлік орын берді. Бұл үлкен қолдау болды», – дейді Бибігүл Рамазан.
Ақтауда бүгінде құлағы естімейтін және сөйлеу қабілеті шектеулі 1170-ке жуық адам бар. Солардың бір бөлігі жаңа кофеханада еңбек етіп, өз еңбегін қоғамға дәлелдеп жүр.
Әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға жергілікті бизнес те ат салысып келеді.
«Қыста көптеген компаниялар бізден ыстық бәліштер алып, акциялар ұйымдастырды. Бұл үрдіс біздің өміріміздің бір бөлігіне айналды. Ең бастысы – қоғам осындай жастарға сенім артып, оларды қолдай бастады», – дейді жоба жетекшісі.
Бибігүл Рамазанның айтуынша, бұл бастама тек бір кофехана емес, әлеуметтік жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға жасалған қадам.
Посмотреть эту публикацию в Instagram