Медиа

Журналист Думан Мұхаммедкәрімнің жағдайы «өте қауіпті»

Фото: KazTAG

Қамаудағы журналист Думан Мұхаммедкәрімнің жағдайы «өте қауіпті». Бұл туралы оның адвокаты Ғалым Нұрпейісов хабарлады, деп жазады ҚазТАГ.

«69 келіден 57-ге түсті»

Адвокаттың айтуынша, Мұхаммедкәрім 29 тамыздан бері аштық жариялап келеді.

«Қорғалушымның денсаулығын «аса қауіпті» деп бағалап отырмын. Салмағы 69 келіден 57 келіге дейін түсті. Белі қатты ауырып жүр еді, қазір оған қоса шап тұсында сыздаған ауырсынулар қосылды, бауыры да сыр бере бастады. Думан қатты қартайып кеткендей көрінеді», – деді Нұрпейісов.

Адвокат сонымен қатар уәде етілген емделуге де рұқсат берілмегенін жеткізді. Себеп – күзетпен жатқызуға арналған палата бос емес.

Аштық жариялаудың себебі

Мұхаммедкәрім аштықты 6 тамызда болған оқиғадан кейін бастаған.

«Камераға кішкентай белгісіз зат лақтырылған. Ол петарданың жарылысына ұқсас дыбыс шығарды. Егер ол металл зат көзге не құлаққа тисе, зиян келтіруі мүмкін еді. Думан осы оқиғаға байланысты шағым жазды, бірақ еш нәтиже болмады», – дейді адвокат.

Құқықтарының бұзылуы

Нұрпейісовтің сөзінше, журналист берген жазбаша арыз-өтініштер де тартып алынған.

«Думан маған, журналист Рысбек Сәрсенбайұлы мен құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаға жолдаған хаттарын тапсырды. Бірақ түрмеден шығарда мені тінтіп, құжаттарды тартып алды», – деді ол.

Істің тарихы

Думан Мұхаммедкәрім 2023 жылы парламент сайлауының нәтижесіне қарсы шыққаннан кейін бірнеше рет қамауға алынды.

2024 жылғы 2 тамызда Қонаев қаласының соты оны «экстремизмді қаржыландыру» және «тыйым салынған ұйымға қатысу» айыбымен 7 жылға бас бостандығынан айырды. Сот жабық өтті. Журналист айыпты саяси астары бар деп санайды, кінәсін мойындамаған.

Ол бірнеше рет азапталғанын мәлімдеген, тіпті 2024 жылы наурызда ресми түрде «жәбірленуші» мәртебесін алған.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары бірнеше рет Қазақстан билігін Мұхаммедкәрімді босатуға шақырған.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Өзбекстанда сайлау қарсаңында журналистерге қысым күшейді

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *