Aqtobe Day Әлеумет

Ақтөбеде жаңа мобильді қосымшаға күн сайын тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 200 хабарлама келіп түседі

Фото: gov.kz

Ақтөбе облысында тұрмыстық зорлық-зомбылық пен жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу үшін жаңа «FSM Social» мобильді қосымшасы енгізілді. Қосымша қиын жағдайға тап болған отбасыларды, балалар мен әйелдерді дер кезінде анықтап, тиісті органдардың араласуын жеделдетуге арналған, деп хабарлайды «Тілші».

Облыс прокуратурасының мәліметінше, жүйеге учаскелік полицейлер, пробация қызметкерлері, әлеуметтік қызметкерлер мен мұғалімдер қосылған. Олар отбасындағы проблемалар туралы деректерді қосымшаға енгізеді. Жүйе автоматты түрде әр отбасының цифрлық картасын жасайды да, нақты көмек жоспарын тиісті органға жолдайды.

Қазірдің өзінде қосымшаға күн сайын шамамен 200-ге жуық хабарлама түсіп жатыр. Оның ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылық, қараусыз қалған балалар, алимент төлемеу және басқа да құқық бұзушылықтар туралы деректер бар.

Сонымен бірге прокуратура тарапынан кең ауқымды алдын алу шаралары жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, 1331 қолайсыз отбасыға бару ұйымдастырылды, 763 баланың құқығы қорғалды, полиция 3490 қорғау нұсқамасын енгізді. 78 млн теңге көлемінде алимент өндіруге қол жеткізіліп, қадағалау актілері негізінде 45 жетім бала тұрғын үймен қамтамасыз етілді, тағы 24 бала кезекке қойылды.

Облыс прокуроры Марат Әбішевтің айтуынша, қылмыстың жалпы төмендеуіне қарамастан, жасөспірімдер мен тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтар әлі де жоғары. «FSM Social» нақты осындай жағдайларды ерте анықтап, бірден шара қабылдауға мүмкіндік береді.

Жиын қорытындысында мемлекеттік органдардың әрекетін қосымша аясында толық үйлестіру және тәуекел тобындағы адамдарды деректер базасына енгізу туралы шешім қабылданды.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  «Ақтөбе» ӘКК халықаралық ESG-рейтингіне қол жеткізді

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *