Әлеумет

СҚО-да шетелдіктерге 720 ЖСН заңсыз берілген

Фото: nur.kz

Солтүстік Қазақстан облысында шетел азаматтарына Жеке сәйкестендіру нөмірлері (ЖСН) заңға қайшы рәсімделген, деп хабарлайды «Тілші» Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеп.

Қадағалау органдары жүргізген талдау «Жеке сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тіркелімдері туралы» заң талаптарының өрескел бұзылғанын көрсетті: «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының СҚО-дағы филиалы шетелдіктердің Қазақстан аумағына нақты келмегеніне қарамастан, оларға 720 өтінім бойынша ЖСН ресімдеген.

Прокурорлық қадағалау актісі бойынша кінәлі лауазымды адамдар заңда белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартылды. Бір мезгілде заңсыз берілген ЖСН-дерді күшін жою шаралары қабылданып жатыр.

Бұдан бөлек, 3 шілдеде Петропавл қаласы мен М.Жұмабаев ауданының полиция органдары қадағалау материалы негізінде ҚК 206-бабының 2-бөлігі («Ақпаратты заңсыз жою немесе модификациялау») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тіркеді. Қазіргі таңда тергеу әрекеттері жүргізілуде, істің барысы облыс прокуратурасының бақылауында.

Бас прокуратураның мәліметінше, ЖСН беру кезінде шетел азаматының елге физикалық келуі – міндетті талап. Бұл ереже сақталмаған жағдайда, нөмірдің заңды күші жойылып, жауапты тұлғалар әкімшілік не қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Азаматтарға ескерту: егер өз атыңыздан немесе ұйымыңыз қызметкерлері атынан заңсыз ЖСН рәсімделді деп күмәндансаңыз, тұрғылықты жеріңіз бойынша прокуратураға, полицияға немесе «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясына жүгінуіңізге болады.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Елімізде 130 мың орындық 86 жаңа мектеп ашылды

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *