Ақтауда түркі әлемінің зерттеушілері, кәсіпкерлері, мәдениет пен медиа өкілдері жиналған TURKWOMEN халықаралық форумының алғашқы күні өтті. Мақсат – әйелдердің қоғамдағы рөлін күшейту, тәжірибе алмасу және бизнес, ғылым, білім, әлеуметтік салада нақты шешімдер іздеу.
Бағдарлама салтанатты ашылу рәсімімен басталып, концерттік номерден кейін Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Бекзат Жүсіп құттықтау сөз сөйледі.
Өз сөзінде ол Маңғыстау өңірінің әйелдері түрлі салада табысты еңбек етіп, үлкен жетістіктерге жетіп жүргенін атап өтті.
«Өңірімізде түрлі салада табысты еңбек етіп жүрген, өз еңбегімен ел дамуына үлес қосып жүрген аруларымыздың еңбегі көпке үлгі, келешекке өнеге. Бүгінгі форум – жай ғана ой-пікір алмасу емес, бұл — болашаққа бағдар болар, жас қыздарымызға жол сілтер үлкен мектеп. Біз қыздарымызға сұлулық пен инабаттылықты ғана емес, ең алдымен батыл болуды, биік мақсатқа жетуді, елдің игілігіне еңбек етуді үйретуіміз қажет. Бүгінгі басқосу соған ашылған кең жол, берекелі мүмкіндік», – деді Жүсіп.
Экономика ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі Сәуле Қалиева өз баяндамасында Қазақстан әйелдердің экономикалық белсенділігі бойынша әлемдік рейтингтің үздік 30 мемлекетінің қатарына енгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл нәтижеге қаржыландыруға қолжетімділік, білім алу мүмкіндігі және мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау әсер етті.
«Қазақстан әйелдері ел экономикасына жоғары деңгейде қатысып отыр, бұл – дамудың маңызды драйвері», – деп атап өтті ол.
PhD докторы Гүлзира Қуатова өз сөзінде зорлық-зомбылық тақырыбына қатысты медиадискурсты талқылады. Ол жарияланымдарда жиі hate speech тілі қолданылатынын, ал теріс пікірлер тек ер адамдардан емес, әйелдердің өздерінен де түсетінін айтты. Қуатова аудиторияда медиасауат пен сыни ойлауды дамытуға шақырды, әйел адамның жанын жаралайтын мәтіндер мен тақырыптарға ермеу керектігін ескертті.
Биология ғылымдарының докторы, профессор, «ЭКОМЕД» клиникалар тобының ғылыми директоры Салтанат Байқошқарова өз баяндамасында халықтың репродуктивті денсаулығына тоқталды. Ол ғылым мен медицинаның дамуына қарамастан, әйелдердің дер кезінде ана болудың маңызын ұмытпауы керектігін айтты.
«Ғылым көмектесе алады, бірақ биологиялық заңдылықтар бар, табиғат берген мүмкіндікті уақытында пайдалану маңызды», – деді Байқошқарова.
Сондай-ақ ол әйелдерді тек қыздарының ғана емес, ұлдарының да денсаулығына көңіл бөлуге шақырып, мықты ұлт пен дені сау ұрпақ тәрбиелеудің қажеттілігін атап өтті.
Өз кезегінде Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрайымы Гүлажар Бақытжанова ең алдымен жеті баланың анасы екенімен мақтанатынын, одан кейін ғана судья екенін айтты. Ол мансап пен отбасын қатар алып жүрудегі тәжірибесімен бөлісіп, өзі үшін бірінші орында әрдайым отбасы құндылықтары тұратынын жеткізді.
«Әйел көп нәрсеге үлгереді, бірақ әрбір таңдауда отбасы мен оның болашағын ескеру керек», – деді Бақытжанова.
Пленарлық бөлімнен кейін барлық спикердің қатысуымен Әсия Бағдәулетқызы жүргізген ток-шоу өтті. Интерактивті форматта ауыл-аймақтардағы әйел кәсіпкерлігін дамыту, оның тәуелсіздікке апаратын жол ретіндегі мүмкіндіктері талқыланды. Залда отырған қонақтар да белсенді қатысып, сұрақ қойып, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Форум ертең де жалғасады. Онда Өзбекстаннан, Түркиядан, Қырғызстаннан, сондай-ақ Алматы мен Астанадан келген спикерлер сөз сөйлейді.
TURKWOMEN Ақтауда бүкіл түркі әлемінің әйел-көшбасшылары арасында ашық диалог құруға және байланыстарды нығайтуға арналған маңызды алаңға айналды.