Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке «Торғай – Ырғыз» автожолының құрылысын тезірек аяқтауға тапсырды. Бұл туралы Мемлекет басшысының көмекшісі – баспасөз хатшысы Руслан Желдібай хабарлады, деп жазады «Тілші».
Бұл учаске – Қазақстанның орталығын Транскаспий бағытымен жалғайтын «Орталық – Батыс» халықаралық көлік дәлізінің аса маңызды бөлігі. Дәліз іске қосылса, Еуропа, Ресей, Түрікменстан, Өзбекстан және Парсы шығанағы елдеріне тікелей шығу мүмкіндігі кеңейеді.
Жоба 2010-жылдардың ортасында басталғанымен, әлі толық аяқталмаған. Жолдың жалпы ұзындығы шамамен — 2 мың шақырым, ол Орталық пен Батыс өңірлер арасындағы қашықтықты 560 шақырымға қысқартуы тиіс.