Aqtobe Day Әлеумет

Ақтөбеде электр жарығы неге қымбат?

Фото: freepik.com

Биылғы жылдың 1 сәуірінен бастап Ақтөбе облысында электр энергиясының жаңа тарифтері бекітілді. Бұл өзгеріс барлық санаттағы тұтынушыларға қатысты. Тарифті қымбаттатудың себептерін, жабдықтарды жаңарту жұмыстары жайлы «Энергосистема» ЖШС-нен сұрап білдік.

«Энергосистема» ЖШС мамандарының айтуынша, бағаның өсуіне үш негізгі себеп әсер еткен:
• электр энергиясын сатып алу бағасының қымбаттауы;
• оны жеткізуге кететін шығындардың артуы;
• жабдықтау шығыстарының ұлғаюы.

Яғни, тариф құрылымындағы негізгі өсім электр энергиясын сатып алу мен жеткізу құнымен тікелей байланысты болды.

Ал соңғы жылдарға көз жүгіртсек, электр энергиясының бірнеше рет қымбаттағанын байқауға болады. Мәселен, 2023 жылдың 1 шілдесінде тариф 15%-ға өсіп, 11,07 теңге болды, сол жылдың 1 қазанында тағы 20%-ға өсіп, 13,29 теңгеге жетті. Ал былтыр 1 наурызда 25%-ға көтеріліп, 16,62 теңге болды. Биылғы жылдың 1 сәуірінде тағы 20%-ға өсіп, 19,94 теңгені құрады. Ал жаңа бекітілген тариф бойынша «тұрғындар, елді мекендер, саяжайлар, бау-бақшалар» тобы үшін шекті баға – 22,33 теңге/кВтсағ болып белгіленді.

Электр плитасын пайдаланатын және пайдаланбайтын тұтынушылар үшін тариф әртүрлі белгіленген:
• электр плитасын пайдаланбайтындар үшін – 20,01 теңге/кВт;
• электр плитасын пайдаланатындар үшін – 19,91 теңге/кВт.

Тұтыну көлемі белгіленген деңгейден асқан жағдайда баға да өзгереді:
• екінші деңгей бойынша – 26,80 теңге/кВт;
• үшінші деңгей бойынша – 33,51 теңге/кВт.

Қаржы-есеп айырысу орталығының көрсеткіші бойынша 2025 жылы қуат нарығы қызметтерінің бағасы 2024 жылмен салыстырғанда 20%-ға артқан. Бұл да тарифтің қымбаттауына әсер еткен негізгі факторлардың бірі болды.

Компания бағаның өсуіне қарамастан, электр желілерін жаңарту жұмыстарын жалғастырып жатқанын айтады. 2025 жылға арналған инвестициялық бағдарлама аясында ескі бағаналарды ауыстыру, қосалқы стансаларды қайта құру, әуе және шоғырсым желілерін жаңарту қолға алынған. Сондай-ақ, күзгі-қысқы кезеңге дайындық шаралары да жүргізіліп жатыр.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Қобда ауданы маңында көлік апатынан 5 адам қаза тапты

Аружан Смағұлова,
арнайы TilshiNews үшін

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *