Aqtobe Day Isker Tilshi

Бес тілді еркін меңгерген ақтөбелік мұғалім куиз ойындарын өткізеді

Ақтөбе қаласындағы №80 жалпы білім беретін мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жәкен Нүркен Дәуітбайұлы — заманауи ойлайтын, көптілді жаңа буын ұстаздарының бірі. Ол қазақ, орыс, ағылшын, неміс және қытай тілдерін еркін меңгерген.

Байғанин ауданында дүниеге келген Нүркен жас кезінен білімге және тіл үйренуге ерекше қызығушылық танытқан. 2016 жылы Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетіне түсіп, студенттік жылдарында дебат қозғалысына белсене араласты. Университетті тәмамдағаннан кейін де бұл бағыттағы жұмысын жалғастырып, бүгінде шәкірттерін шешен сөйлеуге, ой еркіндігін дамытуға және пікірталас мәдениетін меңгеруге баулып жүр. Оның оқушылары республикалық деңгейдегі дебат турнирлерінде үздік нәтижелер көрсетіп келеді.

Жаңашыл педагог мектеп қабырғасында «Шарық таймз» атты интеллектуалды куиз жобасын ұйымдастырып, оқушылардың ой-өрісін кеңейтуге үлес қосуда. Сонымен қатар, ол халықаралық деңгейдегі «Көшпенділер ойыны» жобасында Ақтөбе облысы атынан қатысып, экскурсиялық топтың аудармашысы болған.

Нүркен Дәуітбайұлы оқу процесінде жасанды интеллект технологияларын тиімді пайдаланып, сабақты заманауи әрі қызықты форматта өткізеді.

Мұғалімдер әулетінен шыққан жас педагогтың анасы — 40 жылдық еңбек өтілі бар бастауыш сынып мұғалімі. Ал егіз сыңары Нұрхан — география пәнінің мұғалімі және докторантурада білімін жалғастыруда.

Ізденімпаз, көптілді және шығармашыл ұстаз Нүркен Жәкен — Ақтөбе білім саласына жаңа серпін әкеліп жүрген жас педагогтардың бірі.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Ақтөбеде мектеп автобустарының қауіпсіздігі тексерілді

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *