Ақтөбе облысында шет мемлекеттің аумағындағы қарулы қақтығысқа заңсыз қатысқан азаматқа сот үкімі шықты.
Облыстық прокуратураның хабарлауынша, 2025 жылғы шілдеде «М» есімді азамат Қазақстан Қылмыстық кодексінің 172-бабы бойынша кінәлі деп танылып, 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Сот үкімі ағымдағы жылдың қыркүйегінде заңды күшіне енді.
Прокуратураның мәліметінше, егер мұндай әрекеттер жалдамалылықпен — яғни жалдамалыны жалдау, оқыту, қаржыландыру немесе өзге де материалдық қамтамасыз етумен ұштасса, кінәлі адам Қылмыстық кодекстің 170-бабының 1-бөлігі бойынша одан да қатаң жазаға тартылады. Бұл жағдайда мүлкі тәркіленіп, 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Ақтөбе облысының прокуратурасы азаматтарды заң талаптарын қатаң сақтауға және қарулы қақтығыстарға немесе өзге де құқыққа қайшы әрекеттерге қатысудан бас тартуға шақырды.

