Ақтөбеде гофроқаптама, картон қораптар және стретч-пленка өндіретін заманауи өндірістік кешен ашылды, деп хабарлайды “Тілші” облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Гофротара мен гофрокартон өндіретін цех ашу идеясы — отандық нарықты сапалы орауыш материалдарымен қамтамасыз ету қажеттілігінен туындады. Соңғы жылдары қорап пен картон өнімдеріне сұраныс айтарлықтай артты. Сондықтан біз импортқа тәуелділікті азайтып, өз өндірісімізді дамыта отырып, жаңа жұмыс орындарын құруды мақсат еттік», — дейді «Капитал Пласт KZ» компаниясының өндіріс басшысы Мейрамбек Данабеков.
Жоба өңір экономикасы үшін маңызды бастама. Алғашқы кезеңде екі өндірістік желі — гофроқаптама шығару және макулатураны қайта өңдеу іске қосылды. Қазіргі уақытта үшінші желі — стретч-пленка өндірісі — толық дайын.
Бүгінде кәсіпорында шамамен 50 адам еңбек етеді. Зауыт толық қуатына шыққан кезде қосымша 200-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.
Кәсіпорынның жобалық қуаты жылына 21 миллион шаршы метр гофрокартон өнімін өндіруге мүмкіндік береді.
Кәсіпорында экологиялық талаптар мен еңбек қауіпсіздігіне ерекше мән берілген. Еңбекті қорғаудың заманауи стандарттары енгізіліп, қызметкерлер арнайы оқыту курсынан өтеді.
«Ақтөбе өңірінде бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдай жасалған: мемлекеттік қолдау бар, инфрақұрылым дамыған. Ең бастысы — табандылық пен серіктестікке ашық болу. Қазір — мүмкіндіктер уақыты, алға қадам жасап, дамуға ұмтылу қажет», — деп атап өтті компания басшылығы.
Компания алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайтып, экологиялық таза әрі инновациялық орауыш өнімдерінің жаңа түрлерін шығаруды жоспарлап отыр.
