Ақтөбеде полицейлер №6 жалпы білім беретін мектепте оқушыларға кезекті қауіпсіздік сабағын өткізді, деп хабарлайды Tilshinews.kz.
Кездесу барысында тәртіп сақшылары бірнеше сыныптың оқушыларымен жүздесіп, жол қозғалысы ережелері, өрт қауіпсіздігі, сондай-ақ кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу тақырыптарын түсіндірді.
Полицейлер балаларға қауіпсіздік талаптарын есте сақтаудың маңызын ескертіп, тәртіп, жауапкершілік және қоғамдық орындарда өзін дұрыс ұстау мәдениетіне тоқталды. Әсіресе, жолдағы қауіпсіздікке баса назар аударылды.

“Балалар – ең осал топ. Сондықтан олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – біздің ортақ міндетіміз. Полиция, педагогтар және ата-аналар бірлесе әрекет етуі тиіс”, – дейді полиция қызметкерлері.
Сабақ барысында оқушылар офицерлерді мұқият тыңдап, сұрақтар қойып, түрлі жағдайларда қалай әрекет ету керектігін талқылады.
Айта кетейік, мұндай профилактикалық кездесулер өңірде «Заң және Тәртіп» тұжырымдамасы аясында тұрақты өткізіліп келеді. Тәртіп сақшыларының айтуынша, бұл шаралар балаларды құқықтық мәдениетке тәрбиелеуге және қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған.
