Ақтөбе облысында Хромтау қаласының әкімі Сағындық Шабықбаев екі айға қамауға алынды, деп хабарлайды «Тілші».
Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлағандай, шенеунікке қатысты бұлтартпау шарасын қолдану жөніндегі өтінішті тергеу органдары ұсынған.
«Сот күдіктіге қатысты екі ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейді», – делінген сот хабарламасында.
40 жастағы Сағындық Шабықбаев екі жыл бұрын Хромтау қаласының әкімі қызметіне тағайындалған болатын. Мемлекеттік қызметтегі жұмыс өтілі 2008 жылы Әйтеке би аудандық халыққа қызмет көрсету орталығында басталды. 2016 жылы әкімдікте жұмыс істеген. 2017 жылдан бастап Хромтау ауданы әкімінің аппаратында, ал 2018 — 2023 жылдары қала әкімінің орынбасары қызметін атқарған.
Қазір ол «Пара алу» бабымен (ҚР ҚК 366-бабы) күдікке ілінген. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.
