Ақ үй Женевада өткен АҚШ пен Украина делегацияларының кездесуінен кейін ресми бірлескен мәлімдеме жариялады. Тараптар Вашингтон ұсынған бейбіт жоспардың жобасын талқылады, деп хабарлайды «Тілші».
Мәлімдеме мәтініне сүйенсек, келіссөздер сындарлы, мазмұнды әрі өзара құрмет жағдайында өткен. Екі жақ та әділ және тұрақты бейбітшілікке қол жеткізуге мүдделі екендіктерін тағы да растады.
«Тараптар консультациялардың өте нәтижелі болғанын атап өтті. Талқылаулар ұстанымдарды үйлестіруде және алдағы қадамдарды айқындауда ілгерілеу бар екенін көрсетті», — делінген құжатта.
Егемендік және жаңартылған жоспар Кездесу барысында кез келген болашақ келісім Украинаның егемендігіне толық кепілдік беріп, тұрақты бейбітшілікті қамтамасыз етуі тиіс екені айтылды. Келіссөз қорытындысы бойынша екі елдің өкілдері «бейбіт реттеудің жаңартылған және жетілдірілген негіздерін әзірлеген».
Украиналық делегация соғысты тоқтатуға және адам өмірін сақтап қалуға бағытталған қажымас күш-жігері үшін Америка Құрама Штаттарына және жеке президент Дональд Трампқа алғыс білдірді.
Алдағы қадамдар Украина мен АҚШ алдағы күндері бірлескен ұсыныстар бойынша қарқынды жұмысты жалғастыруға келісті. Процесс барысында Еуропадағы серіктестермен тығыз байланыс орнатылады. Ал бұл бастама аясындағы түпкілікті шешімдерді екі елдің президенттері қабылдайтын болады.
Бұған дейін АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Женевадағы келіссөздерге түсініктеме бере отырып, америкалық делегация Украина бойынша бейбіт жоспарға кейбір өзгерістер енгізетінін мәлімдеген еді. Ол кез келген жоспарды президент Дональд Трамп мақұлдауы қажеттігін баса айтты.
