Медиа

KazTAG басшыларына қылмыстық іс қозғалды, ал агенттік санкцияны айналып өту схемасын жариялады

Фото: kaztag.kz

Алматы полициясы KazTAG халықаралық ақпарат агенттігінің бас директоры Әсет Матаев пен бас редакторы Әмір Қасеновті күдікті деп таныды. Арызданушы – миллиардер Тимур Турловтың бақылауындағы «Freedom Finance» компаниясы. Бұл туралы агенттіктің өзі хабарлады.

Даудың басы агенттіктің «Freedom Finance» компаниясының алаяқтық схемаларынан зардап шеккендердің сөзіне сүйене отырып жариялаған мақалаларынан басталған.

Адвокаттар: «Полиция заңды белден басты»

Қорғаушылардың айтуынша, тергеу амалдары өрескел заң бұзушылықтармен жүріп жатыр. Адвокат Рена Керимованың пікірінше, журналистер тергеуден қашпаған, сондықтан оларды сырттай күдікті деп тану – заңсыз.

Ең қызығы, редакция қылмыстық іс туралы тек 20 қарашада БАҚ беттерінен білген. Ал іс жүзінде іс 18 тамызда қозғалған.

«Полиция KazTAG-тан жасырын түрде бірнеше ай бойы тергеу жүргізді. Тіпті, бізге хабарламай, сараптамалар тағайындаған. Бұл – Қылмыстық-процестік кодекстің талаптарын өрескел бұзу. Тергеуші Заманбек Тазабеков бұл әрекетін «басшылық солай тапсырды» деп түсіндірді», – дейді адвокат Ерлан Мәкенов.

Саяси астар және «Қара тізім»

KazTAG редакциясы бұл қысымды алдағы сайлау алдындағы «тазалау» деп бағалайды. Олардың пайымдауынша, билікке жақпайтын пікір көшбасшыларының «қара тізімі» жасалған. Ол тізімде Матаев пен Қасеновтен бөлек, Гүлжан Ерғалиева, Жәмила Маричева, Досым Сәтпаев, Бақытжан Төреғожина және басқа да белгілі тұлғалар бар.

Қарымта соққы: Санкцияны айналып өту схемасы

Қысымға жауап ретінде KazTAG «Freedom Finance» компаниясының филиал директоры болған Руслан Кәкеновпен арадағы әңгіменің аудиожазбасын жариялады. Онда Ресейге салынған санкцияларды айналып өту жолдары ашық айтылады.

Халықаралық деңгей

KazTAG редакциясы бұл аудиожазбаны АҚШ және Еуропалық Одақ елшіліктеріне, сондай-ақ Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу агенттігіне жолдады.

Қазіргі таңда Әсет Матаев пен Әмір Қасенов 9 желтоқсан күні полицияға жауап беруге шақырылды.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Журналистер жаңа аккредитация ережесіне қатысты министрлікті сотқа берді

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *