Aqtobe Day Әлеумет

Ақтөбе облысындағы ең шалғай ауылға газ жетті

Фото: Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақтөбе облысының ең шалғай ауылдарының бірі – Байғанин ауданындағы Оймауыт ауылына көгілдір отын берілді. Тәуелсіздік күні қарсаңында өткен салтанатты шараға өңір басшысы Асхат Шахаров қатысты, деп хабарлайды «Тілші» облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеп.

Бұл – ауыл тұрғындары көптен күткен тарихи оқиға. Газ құбырының құрылысы екі жылдан астам уақытқа созылды.

Жобаның құны мен ауқымы

Ауқымды жобаны жүзеге асыруға қазынадан 8,3 млрд теңге қаржы бөлінді. Мердігер «Алия-Сервис» серіктестігі жалпы ұзындығы 184,8 шақырымды құрайтын магистральды газ құбырын тартып шықты.

Облыс әкімі Асхат Шахаров газдың келуі ауыл өмірін түбегейлі өзгертетінін айтты.

«Бұл – жаңа даму кезеңі. Газға қосылу тек жылу емес, экономикалық мүмкіндік. Бұл шағын бизнесті жандандырып, жастардың туған жерінде қалуына жағдай жасайды. Ең бастысы – халықтың өмір сүру сапасы артады», – деді өңір басшысы.

Фото: Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі

105 жастағы кейуананың қуанышы

Газ беру салтанатынан соң әкім ауылдың ең қарт тұрғыны Тұраш Құдайқұлованың үйіне арнайы барды. 105 жастағы ананың үйі алғашқылардың бірі болып көгілдір отынға қосылды.

Тұраш әжей – ғасыр куәгері. 1944 жылы Доңызтау өңіріне келін болып түскен ол тыл ардагері және батыр ана. Жолдасынан ерте айырылса да, 8 баланы жалғыз өсіріп жеткізген. Қазір оның 33 немересі, 64 шөбересі және 12 шөпшегі бар.

«Елімізге тыныштық, береке тілеймін. Әр шаңырақта жылу болсын», – деп ақ батасын берді кейуана.

Байғаниннің келешегі

Қазір Оймауытта 770 адам тұрады. Ауыл экономикасы тұрақты: мұнда 30 шаруа қожалығы жұмыс істейді, әлеуметтік нысандардың барлығы (мектеп, клуб, амбулатория) қызмет көрсетіп тұр.

Аудан бойынша статистикаға сүйенсек: 24 ауылдың 10-ы газбен қамтылған (19 мың тұрғын). Алдағы уақытта Қопа, Баршақұм, Айрық, Көптоғай сияқты тағы 10 ауылға газ барады. Қосарал мен Көкбұлақ ауылдарының жобалық құжаттамасы дайын, құрылыс 2026–2028 жылдарға жоспарланған.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Кептеліс: Ақтөбеде 3 көлік соқтығысып, 1 жүргізушінің қолы сынды

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *