Ақтөбе облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасы мен прокуратура көпшілік күтпеген шешім қабылдап, айыпталушыларға шартты жаза тағайындады. Бұл жаңалық тіпті сотталушылардың адвокаттарын да таңғалдырды, деп хабарлайды «Тілші» hronika.kz сайтына сілтеп.
Бұған дейін кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі сот жеті айға созылған тергеуден кейін қатаң үкім шығарған болатын. Алайда аппеляциялық алқа істі қайта қарап, айыптыларды қоғамнан оқшаулаудың қажеті жоқ деп тапты.
Қопадағы қанды «жүйе»
Былтыр, яғни 2024 жылдың 2 қыркүйегінде Темір ауданы Қопа ауылында болған қайғылы жағдай ел есінен кете қойған жоқ. Оныншы сынып оқушылары тоғызыншы сыныптың балаларын «тәрбиелеу» үшін ауыл шетіндегі ескі монша мен шеберхана ғимаратына алып барған. Оқушылар арасында «жүйе» деп аталып кеткен бұл қылмыстық дәстүр мектепте қалыпты жағдайға айналған екен. Сол күні «ағаларына дұрыс сәлем бермеді» және «ас беру кезінде қызмет қылмады» деген желеумен таяқ жегендердің арасында 14 жастағы Нұржан Сыдық та болды.
Жоғарғы сынып оқушыларының соққысынан жасөспірім оқиға орнында көз жұмды. Қаскөйлер қалған оқушыларға тіс жармауды бұйырғандықтан, балаға ешкім көмек көрсете алмады.
Күтпеген ізгілік
Алғашқы сот отырысында бұзақылық жасап, адам өліміне әкеп соққан ауыр дене жарақатын салғаны үшін үш жасөспірім 6 жыл 8 айға сотталған еді. Алайда олар өз кінәсін мойындамай, облыстық сотқа шағымданды. Ең қызығы, прокурорлар сотталушыларды жақтап, үкімді жеңілдетуді сұрады. Облыстық сот прокурорлардың уәжімен келісіп, сирек кездесетін «адамгершілік» танытты. Нәтижесінде, адам өлтірген жасөспірімдерге шартты жаза белгілеп, оларды сот залынан дереу босатты. Тіпті айыпталушылардың адвокаттары мұндай жеңіл жазаны күтпегенін жасырмады.
Ересектердің қылмыстық үнсіздігі
Сот барысында мектеп әкімшілігі мен полицияның қылмысқа көз жұма қарағаны, тіпті біле тұра шара қолданбағаны анықталды. Мұғалім Д.Базылбекова сотта берген куәлігінде оқушылардың сабаққа келмей, «жүйеге» жиналатынын білгенін, тіпті оларды ұстап алып, учаскелік инспекторға тапсырғанын айтты.
Бірақ полиция қызметкері түсініктеме алумен ғана шектелген. Осылайша, ауылда айына 3-4 рет болатын, кішілерді ұрып-соғу мен ақша бопсалауға негізделген «жүйе» тоқтаусыз жұмыс істей берген.
Жазасыз қалған шенеуніктер
Сот трагедияға жол берген полиция мен мектеп басшылығының әрекетсіздігі жөнінде жеке қаулы шығарды. Құжатта педагогтар мен тәртіп сақшыларының жауапсыздығы ашық көрсетілген. Алайда бала өліміне жанама түрде себепкер болған жауапты тұлғалар лайықты жазасын алған жоқ. Мектеп директоры тек жұмыстан босатылды, ал қылмыстық ортаның бар екенін біле тұра шара қолданбаған учаскелік инспекторға тіпті қатаң сөгіс те жарияланбады.
