Aqtobe Day Әлеумет

Ақтөбеде алаяқ бастық пен пара берген офицерлер сотталды

Фото: akt.sud.kz

Ақтөбе гарнизонының әскери соты шулы іске нүкте қойды. Ақтөбе облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің лауазымды тұлғасы алаяқтық жасағаны үшін, ал тағы төрт әскери қызметкер пара бергені үшін жаза арқалады, деп хабарлайды «Тілші» ҚазАқпаратқа сілтеп.

Сотталушылар орындығында департаменттің кадрлар және саптық бөлімшесінің бастығы мен Тараз, Талдықорған, Астана қалаларынан келген офицерлер отырды.

Іс материалдарына сүйенсек, департаменттің 25 жастағы бөлімше бастығы қызметтік орнын арам ойына пайдаланған. Құмар ойынға тәуелді болған ол әріптестеріне «қалаған әскери бөліміңе ауыстырамын» деп жалған уәде берген. Офицерлер оған сеніп, мәселені шешу үшін ірі көлемде ақша ұсынған. Алаяқ біреуден 2 миллион, енді біреуден 1,5 миллион және 1 миллион теңге алып, жиналған қаражатты түгелдей букмекерлік кеңседе бәс тігуге жұмсаған.

Бұл қылмыстық істің соңы қайғылы жағдаймен аяқталды. Айыпталушылар тізімінде болған Ырғыз аудандық қорғаныс бөлімінің бастығына қатысты істі сот қысқартты. Себебі тергеу барысында әскери қызметкер өз-өзіне қол жұмсап, қайтыс болған.

Сот үкімімен алаяқтық жасаған бөлімше бастығы 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал қызметін ауыстыру үшін пара берген екі офицер 2 жылға түрмеге қамалды. Тағы бір сотталушыға параның 20 еселенген мөлшері, яғни 3 миллион теңге айыппұл салынды. Сонымен қатар сотталғандардың барлығы әскери шендерінен айырылды.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Бес тілді еркін меңгерген ақтөбелік мұғалім куиз ойындарын өткізеді

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *