Ақтөбе облысының полиция департаменті ерекше әрі құнды жәдігерге ие болды. Шекара асырмақ болған контрабандашыдан тәркіленген ХІХ ғасырдың сирек қаруы енді тәртіп сақшыларының мұражайында тұрады, деп хабарлайды «Тілші» Polisia.kz сайтына сілтеп.
Полиция департаментінің қоры 1895 жылы Германияда жасалған әйгілі «Маузер» (Mauser C96) тапаншасымен толықты. Ерекшелігі сол, қарудың ағаш қын-қобурасы да жақсы сақталған.
«Әлімбет» бекетіндегі оқиға
2025 жылы Атырау қаласының тұрғыны көне тапаншаны «Әлімбет» бақылау-өткізу бекеті арқылы шекарадан заңсыз алып өтпек болған жерінде қолға түсті. Жедел уәкілдер тексеру барысында азаматтың қаруды сақтауға ешқандай рұқсат құжаты жоқ екенін анықтады. Іс сотқа дейін жетті. Судья айыпталушыны кінәлі деп тауып, оған екі жыл мерзімге шартты жаза кесті. Ал сот шешімімен тәркіленген тарихи құндылық полиция мұражайына берілді.
Нарықтағы бағасы қанша?
«Тілші» редакциясы халықаралық ірі аукциондар мен қару сататын ресми сайттарға (Rock Island Auction, GunBroker, True Gun Value) шолу жасады. Дәл осы Mauser C96 үлгісіндегі, ағаш қобурасы бар және 1895-1896 жылдары шығарылған түпнұсқа тапаншалардың бағасы жағдайына қарай 2 500 доллардан 6 000 долларға дейін (шамамен 1,2 миллионнан 3 миллион теңгеге дейін) бағаланады. Егер нөмірлері сәйкес келетін сирек коллекциялық дана болса, құны одан да жоғары болуы мүмкін.

Тәрбие құралына айналды
Қазіргі таңда бірегей экспонат мұражай төрінен лайықты орын алды. Полиция қызметкерлері оны экскурсия кезінде келушілерге көрсетеді. Бұл жәдігер қарудың даму тарихын ғана емес, сонымен қатар құқық қорғау органдарының заңсыз айналымға қарсы күресінің нақты нәтижесін паш етеді.

