Aqtobe Day

Ақтөбедегі Жаңақоныс-2 алабында заманауи мектеп ашылды

Фото: облыс әкімінің баспасөз қызметі

Ақтөбе қаласының білім беру инфрақұрылымы тағы бір жаңа нысанмен толықты. Жаңа жылдан бастап Жаңақоныс-2 тұрғын алабында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бой көтерген білім ошағы оқушыларға есігін айқара ашты, деп хабарлайды «Тілші» Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеп.

Бұл мектеп қала шетіндегі тұрғын алаптың балалары үшін қолжетімді әрі сапалы білім алуға мүмкіндік береді. Жаңа ғимарат заман талабына сай барлық қажеттілікпен қамтамасыз етілген.

Жаңа білім ордасы 600 орынға лайықталған. Дегенмен, сұраныстың жоғары болуына байланысты қазіргі таңда мұнда 662 оқушы білім нәрімен сусындап жатыр. Мектеп әкімшілігі оқу процесін ұйымдастыру үшін 33 сынып-комплектісін жасақтады. Оқу орны мектепалды даярлық топтарынан бастап, жоғары сынып түлектеріне дейінгі жалпы орта білім берудің барлық сатысын қамтиды.

Оқушылардың сапалы білім алуы үшін мектепте 48 оқу кабинеті жұмыс істейді. Әсіресе жаратылыстану бағытына басымдық берілген: балалар физика, химия және биология пәндерін арнайы жабдықталған зертханаларда тәжірибе жүзінде меңгереді. Сонымен қатар информатика және еңбекке баулу кабинеттері оқушылардың цифрлық сауаттылығы мен қолөнер шеберлігін шыңдайды. Салауатты өмір салтын ұстанатындар үшін заманауи спорт залы, ал мәдени шаралар үшін кең акт залы мен кітапхана қызмет көрсетеді.

Мектепте жоғары кәсіби дайындықтан өткен ұстаздар қауымы еңбек етеді. Олардың қатарында «педагог-зерттеуші», «педагог-сарапшы» санатындағы тәжірибелі мұғалімдер бар. Педагогтар оқушыларға пән үйретіп қана қоймай, олардың психологиялық жағдайына да назар аударады. Арнайы штатқа алынған психолог, әлеуметтік педагог, логопед және дефектолог мамандар балаларға жан-жақты қолдау көрсетеді.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Ақтөбе облысындағы ең шалғай ауылға газ жетті

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *