Азаматтық қоғам

Белсенді Мирболат Мырзатайұлы Тараздағы абақтыға ауыстырылды

Фото: Азаттық

Төрт жылға бас бостандығынан айрылған қоғам белсендісі Мирболат Мырзатайұлы апелляциялық соттың қаулысы шықпай жатып, Алматыдағы түрмеден Тараздағы абақтыға ауыстырылды. Бұл жөнінде Адам құқығын қорғау бюросы жазды, деп хабарлайды Азаттық.

Мырзатайұлының әйелі Гүлшат Бишуинованың хабарлауынша, 12 қаңтар күні түнде қоғам белсендісін Алматы түрмесінен әкетіп, Тараздағы №67 мекемеге орналастырған. Белсендінің адвокаты Жанар Балғабаева бұл заңсыз деп санайды.

“Себебі, блогерге қатысты апелляциялық шағым әлі қаралмады. Заң бойынша, бірінші сатыдағы соттың үкімі шыққан соң сотталушының оған қалалық сотқа шағымдануға қақысы бар. Одан кейін үкім өзгеріссіз қалса, сотталушыны жазасын өтеу мекемесіне ауыстырады. Мирболат Мырзатайұлы мен оның қорғаушысы Алматы қалалық сотына шағым түсіріп, төрт жылға бас бостандығынан айыру жазасымен келіспейтінін білдірген. Процесс өткенше, Мырзатайұлы Алматыдағы мекемеде отыруы тиіс еді. Мирболат Мырзатайұлын не себепті Тараз түрмесіне әкетті деген сауал туындайды?” деп жазды бюро.

Бюро өкілдерінің жазуынша, белсендінің апелляциялық соты қарсаңында әлеуметтік желіде “Мирболаттың сотына мың адам қатысамыз” атты науқан басталған. Мұның аталған оқиғаға қатысы бар-жоғы белгісіз дейді.

2025 жылғы 13 қарашада Алматының Медеу аудандық №2 соты блогер Мирболат Мырзатайұлын Қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-бөлігі (“Алауыздық қоздыру” бабы) бойынша кінәлі деп танып, 4 жылға бас бостандығынан айырды. Сот блогерді қауіпсіздігі орташа түрмеде жазасын өтеуге жіберді.

Айыптау актісінде блогердің 2025 жылғы сәуірде Алматыдағы мекеменің кеңсесіне барып, «мекеме басшысымен жанжал барысында» «ұлт араздығын қасақана қоздыруға кіріскені» жазылған. Актіге сүйенсек, блогер мен мекеме басшысы арасында келіспеушілік тілге қатысты туындаған.

Блогер өзіне тағылған айыптарға келіспей, апелляциялық шағым беретінін айтқан. Құқық қорғаушылар мен белсенділер Мирболат Мырзатайұлын босатуға шақырған.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Қазақстандағы азаматтық журналистика: Цифрлық дәуірдегі қоғам дауысы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *