Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық қауіпсіздік үшін маңызды қадам жасады. Президент АҚШ басшысы Дональд Трамптың бастамасымен құрылған халықаралық Бейбітшілік кеңесінің Жарғысына ресми түрде қол қойды, деп хабарлайды «Тілші» Ақордаға сілтеп.
Бұл оқиға бүгін Швейцарияның Давос қаласында өтіп жатқан алқалы жиын аясында жүзеге асты. Қазақстан жаңа құрылымның толыққанды мүшесі әрі құрылтайшысы ретінде тіркелді.
Салтанатты қол қою рәсіміне Қазақстан басшысынан бөлек, әлемнің тағы 18 мемлекетінің президенттері мен жоғары мәртебелі өкілдері қатысты. Дональд Трамп ұсынған бұл бастама әлемдік көшбасшыларды бір үстел басына жинап, ғаламдық түйткілдерді шешуге бағытталған. Қазақстанның осы таңдаулы елдердің қатарынан табылуы Ақорданың халықаралық аренадағы салмағын және бітімгершілік миссиясына деген адалдығын көрсетеді.
Еске сала кетейік, бұған дейін АҚШ Президенті Дональд Трамп Қасым-Жомарт Тоқаевқа арнайы шақырту жіберіп, Қазақстанды «Бейбітшілік кеңесінің» құрылтайшысы болуға үндеген еді. Ақ үй басшысы бұл құрылымды «тарихтағы ең беделді кеңес» деп бағалаған болатын. Бүгінгі қол қойылған Жарғы ұйымның негізгі мақсаттарын, оның ішінде дағдарыс аймақтарындағы (әсіресе Газа секторындағы) тұрақтылықты қамтамасыз ету тетіктерін бекітті. Енді Қазақстан әлемдік державалармен иық тіресе отырып, бейбітшілік орнату процесіне тікелей араласады.

