Aqtobe Day Әлеумет

Ақтөбе маңында мұнай барлау жұмыстары жүргізілмейтін болды

Фото: habr.com

Ақтөбе облысының Экология департаменті тұрғындардың наразылығын тудырған даулы мәселеге түпкілікті нүкте қойды. Алматылық «КазНефтеГазПроект» компаниясына қала маңында мұнай барлау жұмыстарын жүргізуге рұқсат берілмеді, деп хабарлайды «Тілші» «Диапазон» басылымына сілтеме жасап.

Бұған дейін ақтөбеліктер Қарғалы су қоймасы мен Петропавловка және Шәмші Қалдаяқов ауылдарының маңынан мұнай кеніштерін барлау жоспарына үзілді-кесілді қарсы шыққан болатын. Тұрғындар 50-жылдары консервацияланған ескі ұңғымаларды қайта ашу – өңірдегі санаулы таза табиғи орындарды ластайды деп қауіптенеді. Олар алаулаған факелдерді, күкіртсутегінің иісін және экологиялық апатты қаламайтынын қоғамдық тыңдауларда ашық айтты.

Әлеуметтік желідегі шу және шындық

Жақында әлеуметтік желілерде Экология департаменті аталған жобаны мақұлдап, компанияға «Қарғалы» және «Елек» учаскелерінде мұнай барлауға оң қорытынды берді деген ақпарат тарады. Бұл хабар халықты дүрліктірді. 22 қаңтарда экобелсенді Евгений Лазарчук департамент басшысы Ербол Қуановпен тікелей эфирге шығып, мәселенің анық-қанығын сұрады. Басшылық мұнай барлау жобасын жүзеге асыру үшін экологиялық рұқсатты Табиғи ресурстар басқармасы беретінін, ал олар 20 қаңтар күні «КазНефтеГазПроект» серіктестігіне рұқсат беруден бас тартқанын хабарлады. Яғни, Ақтөбе маңында бұрғылау жұмыстары жүргізілмейді.

«Рұқсат қағазы берілген жоқ»

23 қаңтарда облыстық әкімдікте Экология департаменті арнайы брифинг өткізді. Департамент басшысының орынбасары Талап Уснадин журналистердің сұрағына жауап бере отырып, жағдайды түсіндірді.

«Мұнай барлауға рұқсат берілді деген ақпарат біздің азаматтарды шатастырды. Іс жүзінде бұл кәсіпорынға ешқандай рұқсат берілген жоқ. Қоршаған ортаға әсер ету туралы қорытынды берілді, бірақ бұл рұқсат қағазы емес. Біз бұл қорытындыға дейін түрлі мемлекеттік органдардан аталған аумаққа қатысты сауалдарымызға жауап күтеміз. Егер ақпарат келіп, онда ескертулер болмаса, біз қорытынды береміз. Содан кейін ғана компания рұқсат алуға өтінім береді: егер жоба бірінші санатқа жатса – Экология департаментіне, ал екінші санатқа жатса – Табиғи ресурстар басқармасына жүгінеді. Бұл «КазНефтеГазПроект» кәсіпорны екінші санатқа жатады, сондықтан олар рұқсат сұрап табиғи ресурстар басқармасына жүгінді. Ал бізге ұсынылған мәліметтер бойынша, оларға рұқсат беруден бас тартылған. Бүгінгі таңда аталған учаскелерде қандай да бір жұмыстар жүргізілмейді», – деді Талап Уснадин.

Басқа жерден де қазбайды

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Қызғылт қоқиқазды бүгін Ақтөбеден Алматыға әкетті

Журналистер компанияның Ақтөбе теңізі мен Қарғалы су қоймасынан бөлек, басқа учаскелерге көз тігіп отырғанын сұрады. Экологтар қазіргі уақытта өзге өтінімдердің жоқ екенін растады.

«Басқа қандай да бір учаскелерге рұқсат алуға өтінім болған жоқ. Егер жаңа өтінімдер түссе, егер олар мұнай барлауды басқа жерлерге ауыстырғысы келсе, біз оларды да қараймыз, бірақ бас тартуымыз әбден мүмкін. Себебі бұл жоба экология департаментіне бірнеше рет түскен, барлық өтінімдер бойынша біз олардан бас тарттық. Әрине, егер кәсіпорын басқа аумақтарда мұнай барлау жүргізгісі келсе, ол заң бойынша барлық қажетті рәсімдерден, соның ішінде қоғамдық тыңдаулардан қайта өтуі тиіс», – деп жауап берді Талап Уснадин.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *