Ақтөбе облысының тұрғыны Instagram желісіндегі жарнамадан кейін салонға барып, тек 4 мың теңгеге бет тазалау акциясын пайдаланбақ болған. Алайда салон қызметкерлері оған қосымша қызметтер мен 430 000 теңгенің косметикалық өнімдерін несиеге рәсімдетіп жіберген, деп хабарлайды Liter.kz.
Келесі күні әйел келісімді бұзуды, өнімді қайтаруды және несиеге байланысты рәсімдерді жоюды талап етіп, салонға жүгінген. Өнім қолданылмаған, тауарлық күйі, белгілері мен пломбалары сақталған, ал косметологиялық қызмет фактілі көрсетілмеген. Алайда салон қызметкерлері өнім құнының 7%-ын ұстап қалғысы келген.
Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің мамандары мұндай талаптар заңға қайшы екенін түсіндірді: тұтынушы 14 күн ішінде пайдаланылмаған өнімді қайтаруға құқылы және ешқандай соманы ұстап қалуға болмайды.
Департамент қызметкерлері құқықтық көмек көрсетіп, жазбаша шағым дайындауға жәрдемдесті. Нәтижесінде келісім бұзылып, несие толықтай жойылды.

