Aqtobe Day

Қаңтардан соң заңсыз істі болған Ақтөбе тұрғыны мемлекеттен 3,5 млн теңге өндіріп алды

31 тамызда Ақтөбе соты Қаңтар оқиғасынан соң заңсыз қудаланған Асланбек Омаровқа 3,5 млн тг өндіріп беру туралы шешім шығарды. Осылайша сот оның талап-арызын ішінара қанағаттандырды. Сот шешіміне қанағаттанбаған Омаров дегенмен апелляция алқасына жүгінбейтінін де айтты.

– 3 млн теңге – бұл моральдық шығын, 500 мыңы – адвокатқа кеткен шығын деп [беріп отыр]. Бірақ бұл мені қанағаттандырған жоқ. Өйткені мен 1,5 жыл ішінде көрген азабым, түрме бар, үйқамақ бар. Бизнесімнен айрылып қалдым. Өтемақы оны ақтамайды. Бірақ мен оны әрі қарай қуып, апелляцияға жазбаймын. Бұл мен үшін жеңіс деп есептеймін. Үкіметтің өзінің кінәлі екенін мойындап тұрғаны сол мен үшін жеңіс. Мен ақша үшін алаңға шыққан жоқпын. Бәрі көрсін, білсін деп шағым бердім, – деді Асланбек Омаров Азаттыққа сот шешімі шыққаннан кейін.

2022 жылғы 9 қаңтар күні ұсталып, төрт ай тергеу изоляторында, бес ай үйқамақта, тағы бес ай ешқайда шықпау туралы қолхатпен жүрген Асланбек Омаров мемлекеттен 40 млн теңге талап еткен еді.

— Заңсыз қудаланғаным өзіме де, отбасыма да көп зиянын тигізді. Әйелім ол кезде жүкті еді. Өте ауыр босанды. Менің де денсаулығым нашарлап кетті. Ұсталған соң ұрып-соқты, түрмеге қамады. Төрт ай тергеу изоляторында болдым. Түрмедегі бір күнімді жауыма да тілемес едім. Мен қамалған соң жүкті әйелім мен екі жасар қызым асыраушысыз қалды. Оған дейін бір ғимаратты жалға алып, дөнер сататын дәмхана ашқанмын. Дөнерден ай сайын 400 мың теңгеге жуық таза табыс тауып отырдым. Істі болғасын бизнесімнен де айырылдым, — деген еді Асланбек Омаров бұған дейін Азаттыққа.

Жеке кәсіпкер Асланбек Омаровты тергеу Қылмыстық кодекстің «Жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыру» бабымен деп айыптаған. Бірақ оған дәлел табылмай, Омаров «Жаппай тәртіпсіздікке қатысушы» ретінде сотқа тартылған. Ақтөбе соты Қаңтардан кейін істі болған 18 адамның екеуін Асланбек Омаров пен Ернұр Әжниязовты биыл 2 ақпанда толық ақтап шықты.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  «Үйде ұстауға болмайды»: Ақтөбе тұрғыны Қызыл кітапқа енген құсты тәуекел етіп бағып отыр

Бұл іс бойынша сотқа жауапкер ретінде Қазақстан қаржы министрлігі тартылған. Министрлік өкілдері моралдық-материалдық шығын өндіру туралы талап-арызбен келіспеген. Қаржы министрлігінің пікірінше, шығынды тікелей зиян келтіруші яғни, ішкі істер министрлігі өтеуі тиіс.

Ақтөбеде Қаңтар ісі бойынша бір жылдан астам уақыт қамауда болып, кейін ақталып шыққан Ернұр Әжниязов жуырда моральдық өтемақы ретінде мемлекеттен 6 млн теңге өндіріп алған. Мемлекетті «заңсыз қамағаны үшін» сотқа беріп, моральдық өтемақы ретінде 30 млн теңге сұраған тұрғынның өтінішін сот жартылай қанағаттандырған. Оған өтемақы салық төлеушілер есебінен беріледі.

Ресми мәлімет бойынша, Ақтөбеде Қаңтар оқиғасынан кейін 21 адамның үстінен қозғалған қылмыстық іс сотқа жеткен. 2022 жылы шілдеде Ақтөбе соты Қаңтар оқиғасы кезінде «Ақтөбе әуежайын басып алмақ болды» деп айыпталған үш адамның бостандығын үш жарым жылға шектеген. Биыл ақпанда Ақтөбе соты Қаңтар оқиғасына қатысты деп сотқа тартылған 16 адамға түрлі жаза кесті.

Қаңтар оқиғасы кезінде Ақтөбеде екі адам қаза болған. Оның бірі Русланбек Жұбаназаровты билік әуелі «террорист» деп айыптап, кейін «кездейсоқ құрбан» ретінде оның отбасына «Қазақстан халқына» қоры арқылы 7 млн теңге өтемақы берген. «Кездейсоқ құрбандар» тізіміне енген тағы бір ақтөбелік Файзулла Нұргелдинге Қаңтар оқиғасы кезінде оқ тиген. Ауыр жараланған ол екі айдан соң қайтыс болды.

фото: ratel.kz

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *