Қазақстан төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің хабарлауынша, Қоянды ауылында су тасқынын болдырмауды көздейтін жұмыстар жүріп жатыр. Астанаға жақын орналасқан ауылдың тұрғындары сейсенбі күні кешке жолды жауып, жергілікті биліктің назарын аударуға талпынған, деп хабарлайды TilshiNews.kz CentralAsian.org сайты.
Тұрғындардың әлеуметтік желілерге жариялаған видеоларына қарағанда, оқиға орнына арнайы жасақ жеткізілген. Біраз уақыттан соң аулаларын су басқан ауыл халқы үйлеріне тараған.
Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің кеше түнде хабарлауынша, Целиноград ауданындағы Қоянды ауылында күн жылып, қар еруіне байланысты үш тұрғын үй мен екі уақытша тұрғын үйді су басып қалған.
Таңғы сағат алтыдағы мәліметке қарағанда, 80 мың текше метр қызыл су айдалған. Құтқару жұмыстарына 76 адам жұмылдырылған.
Бұл уақытта, Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Жағабұлақ ауылында кем едегенде екі үйдің ауласына су кірген. Жем өзенінің тасу қаупі күшейген. Сол себепті жақын маңдағы 74 адам, солардың ішінде 30 бала қауіпсіз жерге көшірілді. Бұл туралы жергілікті билік хабарлады.
Қазақстанның бірнеше өңірінде су тасу қаупі күшейген. ТЖМ мәліметінше, Ақтөбе облысындағы Байғанин, Алға аудандары мен Ойыл ауылында су тасқынынан сақтану жұмыстары атқарылып жатыр.
Бұған қоса, Абай облысы Аягөз ауданының әкімшілік орталығында да бес аулаға су кірген. Мұнда Аягөз өзені тасыған. Аулалардағы қызыл суды айдау жұмыстары жүргізіліп жатыр.