Aqtobe Day

«Aktobe Open 2024» турнирінде ирандық атақты гроссмейстер жеңіске жетті

Ақтөбеде «Владимир Дворковичтің мемориалы – Aktobe Open 2024» халықаралық шахмат турнирі ирандық Пархам Магсудлудың сенімді жеңісімен аяқталды. Турнирде 21 елден 100-ден астам атақты шахматшы бақ сынады, деп хабарлайды TilshiNews.z сайты Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Классикалық шахматтан ерлер мен әйелдер арасындағы 2024 жылғы Республикалық кубогының І кезеңін ҚР Туризм және спорт министрлігі, ФИДЕ және Ақтөбе облысы әкімдігі, Қазақстан теннис федерациясының қолдауымен Қазақстан шахмат федерациясы ұйымдастырды.

Жарыстың жабылу салтанатында жеңімпаздарға ақшалай сертификаттар, медальдар мен кубоктерді Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов мен KazChess басшылары табыс етті. Ақтөбеде 4-ші рет өткен Дворкович мемориалының сыйлық қоры биыл 100 мың долларды құрады.

Бірінші орынды иеленген 23 жастағы ирандық супер гроссмейстер 9 турда 7½ ұпай жинады. БАҚ беттерінде «ирандық Каспаров» деп танылған шахматшы жеті рет жеңіске жетті, бір тең ойын көрсетті (соңғы турда Алексей Саранамен) және бір рет жеңілді (3-турда отандасы, Aktobe Open-2023 жеңімпазы Бардия Данешвардан). Бас жүлдемен қоса, ол 9 млн теңге ($20 000) ие болады.

Екінші орын және 7 млн теңге ($15 600) Сербия атынан шығып жүрген Александр Предкеге (2667) бұйырды – 7 ұпай. Төрт шахматшы 6½ ұпай жинағанымен, қосымша көрсеткіштер (Бухгольц коэффициенті) бойынша Сербия құрамасының ойыншысы Алексей Сарана (2706) үшінші орынға шықты. Оның табысы – ₸5 млн ($11 100). Қытайлық Бу Сянчжи (2689), армян Шант Саргсян (2637) және Беларусь өкілі Михаил Никитенко (2525) 6½ ұпаймен үздік үштіктен тыс қалды.

6 ұпай жинаған 11 шахматшының арасында Денис Махнёв (2518) 13-орынға жайғасты. Табысты өнер көрсеткен 24 жастағы павлодарлық шахматшы қыркүйек айында өтетін шахмат олимпиадасында Қазақстан құрамасын бастап шығады.  

Сондай-ақ, ТОП-30-ға 5½ ұпаймен Әлішер Сүлейменов (22-орын, 2499), Алдияр Аңсат (23, 2421), Рамазан Жалмаханов (25, 2490), Жандос Ағманов (26, 2467) және 5 ұпаймен Эдгар Мамедов (28, 2410) қазақстандықтар енді. Махнёв пен Сүлейменов екі үздік ойыншы ретінде тиісінше ₸1 млн және ₸700 мың алады.

Әйелдер арасында алғашқы үш орынды ресейліктер бөлісті. Бас жүлде және 1,1 млн теңге ($2400)  5½ ұпай жинаған (жалпы 21-орын) халықаралық шебер және әйелдер гроссмейстері Полина Шувалованың (2456) қанжығасына байланды. Одан кейін 4 ½  ұпаймен  Ольга Баделько (2385) мен Екатерина Гольцева (2303) орналасты.  Қазақстандық қыздар сәтті өнер көрсете алған жоқ.

Aktobe Open турнирінің Ашық біріншілігінде (Open A) ФИДЕ шебері Илья Моисеенко (2262) 8 ұпаймен озық шықты. Қазіргі кезде Ақтауда тұратын ол өзінің туған қаласында халықаралық шебер Кирилла Кудериновті (2364) жарты ұпайға артқа қалдырды. Мұнда жеңімпаз ₸1 млн алады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *