Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Талибан» режимін «Ауғанстандағы ұзақ мерзімді фактор» деп атап, ҰҚШҰ-ға мүше елдер Ауғанстанды өңіраралық байланыстарға белсене тартуды ұсынды, деп хабарлайды TilshiNews.kz сайты Centralasian.org сайтына сілтеме жасап.
Бұл туралы ол бүгін, 3 маусымда Алматыда ҰҚШҰ-ға мүше елдер парламенттері палаталарының спикерлерімен кездесуде айтты.
«Қазақстан тәлібтер режимін террорлық ұйымдар тізімінен алып тастады. Өйткені қазіргі Ауғанстанмен сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту маңызды әрі бүгінгі режим ұзақмерзімді фактор болады деп ойлаймыз» деді Тоқаев.
Ақорданың жазуынша, Қазақстан президенті бұл мәселеде ҰҚШҰ-ға мүше елдердің өзара келісілген ұстанымы болуы керек екеніне назар аударған. Бұған қоса Тоқаев ҰҚШҰ елдерін Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі аймақтық орталық құру туралы Астананың бастамасын қолдауға шақырды.
«Талибан» ұйымы Батыс елдерінің көбінде террорлық ұйым деп танылған. Астана да 2005 жылы тәліптерді «террорлық ұйым» тізіміне қосқан еді. Бірақ былтыр Қазақстан сыртқы істер министрлігі «Талибан» ұйымын «террористер тізімінен» алып тастайтынын мәлімдеген.
Министрлік «Талибан қозғалысы» БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі террористік деп таныған ұйымдар тізіміне кірмейтінін алға тартқан.
Тоқаев Алматыдағы жиында «Талибан» туралы мәлімдей келе «террорлық қауіп-қатермен күресу және ҰҚШҰ-ға мүше елдер азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін пәрменді шаралар қабылдау қажеттігін» де айтты.
2021 жылы мамырда АҚШ бастаған Батыс елдері Ауғанстанда 20 жыл болған әскерлерін әкете бастаған. Осыдан соң 1996-2001 жылы елде билік құрған «Талибан» елдегі аудандар мен қалаларды қайта бақылауына ала бастады. 2021 жылы 15 тамызда тәліптерКабулға кіріп, бүкіл Ауғанстанды өз қолына алған. Ауғанстанда тәліптер билікті басып алған соң Астана Кабулға ресми делегациясын жіберген, Қазақстанның Кабулдағы елшілігі де жұмысын тоқтатпаған.
«Талибан» билікке келгеннен кейін Ауғанстанда әйелдер құқығы мен халықтың құқығын шектейтін заңдар қайта күшіне енді.
Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан дипломатиялық арналар арқылы осы елмен байланысты дамытуға тырысып келеді.
Қазақстан 2023 жылы Астанада «Қазақ-Ауған форумын» өткізген. Бұған қоса, Қазақстан үкіметі «Талибан» қозғалысымен түрлі сауда-саттық келісімдерін жасасқан.
фото: Akorda