Қазақстандықтардың 71,12 пайызы референдумда АЭС құрылысын қолдап дауыс берді. Бұл туралы Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров мәлім етті. Бұл туралы «Тілші» хабарлайды ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Биылғы 7 қазандағы таңғы сағат 8:00-дегі жағдай бойынша еліміздің барлық өңіріндегі және шетелдегі 10 323 референдум учаскесінде дауыстарды санау аяқталды. Облыстық, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының комиссияларынан алынған жедел деректердің негізінде, Орталық референдум комиссиясы референдумда дауыс берудің алдын ала қорытындысын шығарды» , — деді Н. Әбдіров елордада өткен брифингіде.
Оның айтуынша, соңғы деректер бойынша референдумға қатысуға құқығы бар Қазақстан Республикасы азаматтарының жалпы саны 12 млн 284 мың 487-ге жеткен. Дауыс беруге 7 млн 820 мың 204 адам қатысқан, олар референдумға қатысуға құқығы бар азаматтар санының 63,66 пайызы.
«Қазақстанда АЭС салу туралы референдумға қойылған мәселенің оң шешімін жақтап дауыс берген азаматтардың саны еліміздің барлық өңірінде дауыс беруге қатысқандардың 71,12 пайызын немесе 5 млн 561 мың 937 адамды құрады. Қазақстанда АЭС салу туралы референдумға қойылған мәселеге қарсы дауыс берген адамдардың саны дауыс беруге қатысқандардың ішінен 2 млн 45 мың 271 болды», — деді Нұрлан Әбдіров.
Оның айтуынша, жауаптардың екі нұсқасы да таңдалған, яғни жарамды деп танылған, бірақ дауыстарды санау кезінде есепке алынбайтын бюллетеньдер саны 82 729-ды құрады. Жарамсыз деп танылған 130 267 бюллетень анықталды.