Қазақстан спортының қаржыландыру жүйесінде елеулі олқылықтар анықталды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен Туризм және спорт министрлігі бірлесіп жүргізген зерттеу нәтижелері отандық спорттың дамуына кедергі келтіретін бірқатар жүйелі проблемаларды көрсетті, деп хабарлайды «Тілші».
Триллиондар жұмсалды, нәтиже қайда?
Соңғы алты жылда Қазақстан спортына 1,4 триллион теңге бөлінді. Бұл көрші Орталық Азия елдерінің бюджетінен әлдеқайда жоғары. Тіпті Канада, Норвегия, Нидерланды сияқты дамыған елдердің спортқа бөлетін қаражатынан да асып түседі.
Алайда, бұл қомақты қаржыландыру әзірге жоғары нәтижелерге әкелген жоқ. 2020 жылғы Олимпиадада Қазақстан 83-орынды иеленсе, 2022 жылы бірде-бір медаль ала алмады. 2024 жылғы Олимпиадада жағдай біршама жақсарып, еліміз 43-орынға көтерілді. Дегенмен, Дүниежүзілік спорт рейтингінде Қазақстан 2014 жылғы 25-орыннан 2023 жылы 42-орынға түсіп қалды.
Қаржыландырудағы теңгерімсіздік
Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, қаржыландырудың басым бөлігі жоғары жетістіктер спортына бағытталған. Бұқаралық спортқа бөлінетін қаражат одан 9 есе аз.
Дамыған елдерде керісінше. Мысалы, Нидерландыда бұқаралық спортқа жұмсалатын қаражат кәсіби спортқа қарағанда екі есе көп. Нәтижесінде олардың спортшылары Олимпиадада жоғары көрсеткіштерге ие.
Шетелдік жұлдыздарға жұмсалған миллиардтар
Тағы бір көзге түскен мәселе – шетелдік спортшыларды натурализациялауға жұмсалатын қыруар қаражат. Тәуелсіздік жылдары Қазақстан олимпиадалық спорт түрлеріне 126 шетелдік спортшыны тартты.
Формальдық көрсеткіштер. Қазақстан Республикасының дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына енгізілген бұқаралық спорт түрлерін дамыту көрсеткіштері формальды сипатқа ие. Мысалы, әкімдіктер жыл сайын 20 мыңнан астам спорттық-бұқаралық іс-шара, күніне орта есеппен 3 іс-шара өткізуі тиіс.
Инфрақұрылым мәселесі
Зерттеу барысында елімізде заманауи спорт нысандарының жетіспеушілігі де анықталды. Қазақстан бойынша 374,2 мың м² жабық спорт ғимараттары мен 376,4 мың м² бассейн тапшы. Мәселен, «Астана» футбол клубы. Еліміздегі ең қымбат клуб бола тұра, оның өзінің футбол академиясы мен инфрақұрылымы жоқ. Соңғы 6 жылда клуб футбол алаңдары мен үй-жайларды жалға алуға 1,4 млрд теңге жұмсаған.
Халықаралық жарыстарға қатысу үшін спортшыларды ашық іріктеудің болмауы
Жоғары жетістіктер спорт саласында процестерді цифрландыру мүлдем жоқ. 2020 жылы Е-sport ұлттық цифрлық платформасын енгізуге жоспарланған әзірлеу жүргізілген жоқ. Нәтижесінде бейінді министрлік қазақстандық спорттың жай-күйі туралы толық деректерді білмейді, жүлдегерлердің, спорт ғимараттарының, спорт секциялары мен жаттықтырушылардың бірыңғай есебін жүргізбейді. Цифрландырудың болмауы жалған спортшыларға спорттық атақтар беруге, жарыстарға қатысу үшін спортшыларды ашық емес және субъективті іріктеуге ықпал етеді.