10 қазан күні Ақтөбе соты 4 жолаушының өліміне себепкер болған такси жүргізушісінің ісін қарай бастады, деп хабарлайды өз тілшіміз.
Бұл оқиға 2024 жылғы 5 маусым күні Ақтөбе-Орск бағытындағы тас жолда болған.
Toyota Alphard маркалы көлік Қарғалы ауданындағы Ащылысай ауылының тұсына келгенде жолдан аударылып кеткен. Тергеу 37 жастағы көлік жүргізушісіне «көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзып, екі немесе одан да көп адамның өліміне соқтырды» деген айып тағып отыр. Сотталушы өзіне тағылған айыппен толық келіскен.
Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты бейсенбі күні басты сот талқылауына кірісті.
Тергеу материалдарына қарағанда, сотталушы Ақтөбе мен Орск қалаларының арасына жолаушы тасыған. Бесінші маусым күні қаза тапқан төрт адамның бәрі Ресейдің Орск қаласын бетке алған жолаушылар болатын.
Ақтөбе полициясы таратқан ақпаратқа қарағанда, жол апаты болатын күні инспекторлар Toyota Alphard көлігін тоқтатып, құжаттарын тексерген. Жолда сақ болуын өтінген. Көп ұзамай көлік тас жолдан аударылып кеткен.