Күлкісі жарасқан жігіт. Дәл осылай хромтаулықтар Алтынбек Ысмайылды сипаттайды. Ол Дөң тау-кен байыту комбинатының Қазақстан тәуелсіздігінің 10 жылдығы атындағы шахтасының ұңғылаушысы. Жаны жайсаң, қолы ашық, талантты жігіт өмірлік қағидасынан айныған емес – қандай жағдай болса да, адами қалпыңнан айныма. Республика күні қарсаңында Ақтөбе өңірінің жас буын өкілімен таныстырмақпыз.
Алтынбек – Хромтаудың тумасы. Ата-анасынан ерте айырылған бес бала интернатта тәрбиеленді. Бірақ бір-бірінен ажырамай, қолдау көрсетіп өсті. Бүгінде бәрі де өз жолдарын тапқан.
2013 жылы Алға қаласындағы интернат-мектепті бітірген соң, «Қазхромның» қолдауымен Хромтау тау-кен техникалық жоғары колледжіне оқуға түсті. Он бір жылдықтан кейін бірден үшінші курсқа қабылданды.
Студент кезінен-ақ Тәуелсіздіктің 10 жылдығы атындағы шахтада тәжірибеден өтті. Екі жылдан соң ұңғылаушы шәкірті болып жұмысқа орналасты. Бақытына қарай, тәлімгері атақты ұңғылаушы Исмағұл Бажақанов болды. Шахтада оны Саша аға деп атайды. Тәжірибелі бригадир жас шәкіртінің талабын, білімге құштарлығын бірден байқады. Әскерден оралған соң да Алтынбек Бажақановтың бригадасына қайта келді.
«Алғаш шахтаға түскенде қорықтым, – дейді ол. – Бірақ бала күнімнен қиын жұмысқа құмар едім. Кейін спорт жаттықтырушысы болсам ба деп ойладым. Алайда туысым шахтаны таңдауға кеңес берді. Таңдауыма өкінбеймін. Әсіресе, Исмағұл ағайдың арқасында. Ол кісі – нағыз азамат. Әкедей қамқор, үйіне қонаққа шақырып, ақыл-кеңесін айтып отырады. Көпшілік оны менің әкем деп ойлайды».
Ұстазының үш қағидасы жадында мәңгі сақталған: ынтымақпен жұмыс істеу, ешкіммен санаспау және жетекшінің сөзіне құлақ асу.
«Компанияға шексіз ризамын, – дейді Алтынбек. – Білім алуға көмектесіп, жұмыс беріп, баспанамен қамтамасыз етті. Жолымда тек жақсы адамдар кездесті. Колледж директоры Бағдаш Қадыржанқызы да бізге анадай қамқор болды. Жатақханаға келіп, тамақ әзірлеп берген кездері әлі есімде. Қазіргі Жастар лигасының бұрынғы құрамы да бізге көп көмектесті».
Бос уақытында Алтынбек спортпен айналысады: баскетбол, дойбы, тоғызқұмалақ ойнайды, жүзеді, жүгіреді. Еуразиялық ойындарда командасы екінші орын алғанда, өзі үздік шабуылшы атанды.
«Алтынбек – сенімді серік, адал дос, – дейді әлеуметтік жобалар жөніндегі сарапшы Нұрсұлтан Исенғалиев. – Сөзінде тұратын, жауапты жігіт. Күлкісі жарасқан, жүрегі таза, қарапайым азамат. Талантты болса да, көкірек керуді білмейді».
Сегіз жылдық еңбек өтілі бар жас маманның қазір төртінші разряды, кәсіпорыннан алған пәтері бар. Биыл жоғары оқу орнын да тәмамдады. Алда – жаңа мақсаттар, жаңа биіктер.