Ақтөбе қаласы «Гормолзавод» бау-бақша ұжымының 130-ға жуық үйі жарықсыз, жылусыз қалды. Олар 82 мың теңге қарызы үшін электр желісінен ажыратылған. Жолға жиналған тұрғындарға әкімдік қызметкерлері мен полиция келді, деп хабарлайды «Тілші» ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Ақтөбе қаласының ескі бөлігінде орналасқан сайжай ұжымының тұрғындары түс мезгілінде сөнген жарық мәселесін кеш білген.
Тұрғындардың айтуынша, электр тогымен қамтамасыз етіп отырған «Энергосистема» ЖШС-і хабарлама берместен ажыратып тастаған.
— Біздің трансформатор қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне қарайды. Ал ішкі электр желісін жеке-жеке шығарып, әрқайсысы бөлек төлейтін етіп қарастыруды талап етеміз. Бүгін біз 8 сағатқа жуық жарықсыз отырдық. Алдын ала хабарламады, сырттан сөндірген. Біз жөндеу жасап жатыр деп ойладық. 80 мың деп айтты қарыз. Ол көп ақша емес. Келер айда да жабылар еді ғой. Күз салқын, қыс түседі енді,- деді Сайлаубек Серіков.
Ақтөбе қаласы Жиенбаев көшесіне жиналған жұртқа полиция мен Алматы ауданы әкімдігінің өкілі келді.
— Қазіргі таңда қала әкімі «Энергосистема» ЖШС басшысына хабарласып, мәселені анықтады. Олардың айтуынша, тұрғындардың қарызы бар екен. Тұрғындар 82 мың деп тұр. Жылыту маусымы кезінде жарықты сөндіруге болмайтыны айтылды. Егер сөндірсе, заң аясында шара қолдануға тура келеді. Аяздың кезінде өшірген дұрыс емес,- деді Алматы ауданы әкімінің орынбасары Ануар Жаңбыров.
Жарық сағат 21:00 шамасында жанды. Тұрғындар өз арасынан саяжайға жауапты төраға сайлап, әкімдікпен бірге электр желісін балансқа алу жөнінде мәселе көтермек.