Aqtobe Day

Әйтеке би ауданындағы спорт кешенінің жобалау құжаттары қайта қаралады

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Әйтеке би ауданына жұмыс сапарымен барды. Сапар аясында ол құрылысы ұзаққа созылған нысандардың проблемасына үңілді, деп хабарлайды «Тілші» облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аудан әкімі Дәулетияр Тоғызбаев өңір басшысына қазір құрылысы тоқтап тұрған 150 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешенін көрсетті.

2018 жылдан бастап ғимаратты салуға бірнеше мердігер ниет білдірген. Алайда, нәтижесі көңіл көншітпейді. Барлық компания соттың шешімімен жосықсыз деп танылған. Мекемелер қомақты айыппұл арқалады. Облыс басшысы спорт кешенінде анықталған ақаулар үшін іргетасын қалаған компанияны жауапқа тарту керектігін айтты. Бұл жұмыспен облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы айналысады.

«Спорт кешенінің жағдайын көріп шықтым. Құрылысты әрі қарай жалғастыруға болмайды. Іргетасы төмендеген, қабырғаларына сызат түскен. Бастапқы мемлекеттік сатып алуларды жеңіп алған компанияны жауапқа тарту қажет. Облыстық мәслихат депутаттарына жобаның қаржысын қайта қарау бойынша ұсыныс енгізу керек. Содан соң, құжаттарын қайта қарауымыз шарт. Бұл кешен ауылға өте қажет. Өйткені, аудан орталығында басқа дене шынықтыру-сауықтыру кешені жоқ», — деді Асхат Шахаров ауылдың спортшыларымен кездесу барысында.

Ауданда 9 мыңнан астам адам спортпен тұрақты шұғылданады. Қазіргі уақытта Аралтоғай, Талдысай, Жабасақ ауылдарында ангар типтегі спорт кешендерін, Қарабұтақ ауылында ипподром салуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Ал Жүргеновте салынатын бассейннің жобасы мемлекеттік сараптамаға жіберілген.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *